С.Сәдуақасов атындағы Агротехникалық институтында Наурыз мерекесі өтті.
Наурыз мейрамында «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын» - деген тілектер айтылды, ұлттық тағамдар әзірленді. Дастарханда тағам мол болса, сол жылы ақ мол болады деп ырымдап, АТИ ұжымы жаңа жылды қалай көңілді өткізу керектігін көрсеттi! Әр кафедра бір ауыл болып, өз аудиториясын безендіре бастады.
«Тау-кен ісі, құрылыс және экология» кафедрасы «Jasyl el auyly» деп аталды, «Ақпараттық-комуникациялық технологиялар» кафедрасы «IT-мекен ауылы», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» кафедрасы – «Ақ бидай ауылы» және «Инженерлік технологиялар және көлік» кафедрасы «Машина жасау облысы, Көлік ауданы, Өндіріс ауылы» деп аталды.
Әр ауылда киіз үйлер әдемі безендіріліп, институттың профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерінің әндері, домбыралары мен билері, қойылған концерттік бағдарламалары ұйымдастырылды.
Үстелдерде көптеген тағамдар болды: Ақ тағамдар, мысалы жылқы сүтінен қымыз, түйе сүтінен шұбат, сиыр, қой-ешкі сүтінен айран, құрт, ірімшік, сүзбе, қаймақ, сарымай сияқты әр алуан тағам, еттен қазақша ет және еттің сорпасынан наурыз көже жасады.
Наурыз мейрамын тойлауға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры М.К.Сырлыбаев бастаған басшылығы, ПОҚ және студенттер шақырылды.
Ежелден жаңарту мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Наурыз бақыт пен шығармашылық табыс әкелсін!