13 желтоқсан 2021 жылы Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінде еліміздің басты мерекесі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Азаттық пен еркіндіктің символына айналған мәдени шараға Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әмренова және арнайы шақырылған қоғам қайраткерлері мен ардагер ұстаздар, сондай-ақ білім ордасының профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Салтанатты рәсімде университеттің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Жақыпова Айгүл Досжанқызы құттықтау сөз сөйледі.
Тәуелсіздік күніне арналған мәдени шара барысында университет ұстаздары мен жиналған қауымды университет әкімшілігі арнайы құттықтап, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.
Атап айтсақ, университеттің проректорлары, институт директорлары, оқытушылары мен қызметкерлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен және индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің Алғыс хатымен және Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының «Тау-кен ғылымының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Мерекелік шара барысында «Нұр Отан» партиясы Алғыс хатымен университеттің 6 қызметкері, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Алғыс хатымен университеттің 16 қызметкері арнайы марапатталды.
Сондай-ақ, тәуелсіздік қарсаңызда көп жылғы қажырлы еңбектері мен университеттің дамуына қосқан сүбелі үлестері үшін білім ордасының 80-ге жуық оқытушылары мен қызметкерлеріне Шоқан Уәлиханов университеті ректоры Марат Қадірұлы атынан да Құрмет грамотасы және Алғыс хаттар табысталып, ректордың бұйрығымен 9 қызметкерге 100 000 теңге, 16 қызметкерге 50 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
Одан бөлек ректор Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты еңбекақы, сыйлықақылар және материалдық көмек туралы Ережеге сәйкес штаттық құрамға: профессорлық-оқытушылық құрамға – 150 000 теңгеден, әкімшілік-басқару персоналына – 100 000 теңгеден, оқу-көмекші персоналға – 80 000 теңгеден және кіші қызмет көрсетуші персоналға – 60 000 теңгеден сыйлықақы беру туралы бұйырды.
Бүгінде өңірімізге, қоғамға, соның ішінде университетімізге еңбегі сіңген азаматтар аз емес. «Ualikhanov University дамуына қосқан үлесі үшін» І дәрежелі медалімен 5 қызметкер, ІІ дәрежелі медалмен 9, ал ІІІ дәрежелі медалмен 18 қызметкерді университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ғалым Симбекұлы арнайы марапаттап, ерекше құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар, университеттің дамуына қосқаны, көпжылғы адал еңбегі үшін «Айрықша еңбегі үшін» медалімен университеттің шаруашылық сұрақтар бойынша департаментінің 40-қа жуық қызметкері марапатталып, университет ректоры бұйрығымен 60 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыс етілді.
Университеттің кәсіподақ төрағасы Мұрат Асаров білім ордасының профессор-оқытушылар құрамына Алғыс хат пен сыйлықтар табыстады.
Елдігіміздің тұмары, ерлігіміздің арқауы болған Тәуелсіздік – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қасиетті де, киелі мереке.
Баршаңызды ұлық мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілейміз!
Тәуелсіз еліміздің нұрлы болашағы – жас ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игі істеріңіз жемісті болсын!