18 ақпан 2022 жылы Ualikhanov University-де Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесу өтті.
Кездесуге Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Сәбитұлы, жазушы, драматург, Республикалық сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев, қаламыздың құрметті азаматы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев пен «Ел бірлігі» бірлестігінің төрағасы, белгілі қаламгер Бақыт Смағұлов және Діни басқарманың Елордадан жұмыс сапармен келген делегациясы қатысты.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти білім ордасының әріптестері, оқытушылары мен студенттеріне тағылымы мол дәріс оқыды.
Діни тұрғыдағы 7 бағыттың ең негізгілеріне тоқтала кетіп, жастарды білімге, рухани тәрбиеге, Отанға деген сүйіспеншілікке, салт-дәстүрді құрметтеуге, тәрбиеге ерекше көп көңіл бөліп, әрбір істе адал, шыншыл болуға шақырды.
Кездесу барысында студенттер мен оқытушылар Бас мүфтиге сұрақ қойып, көптен бері көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.
ҚМДБ Төрағасы өз кезегінде университет ұжымына ризашылығын білдіріп, күтпеген құрмет көрсеткені үшін оқу ордасының ректоры Марат Қадырұлына алғысын жеткізіп, жаңадан ашылған теология факультетіне қолдау көрсететінін айтты.
Кездесу соңында жиынға арнайы келген қонақ жазушы, драматург, Республикалық сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев Жабал Ергалиев Бас мүфтиді иеленген құрметті атағымен, осы тарихи сәтпен құттықтады.
Сонымен қатар университет ректоры Марат Қадырұлын қасиетті жұма күніне сәйкес келген туған күнімен құттықтады.