Бүгін 2021 жылғы 3-қараша күні «Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінде» "Күміс Университеті" бағдарламасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. "Күміс университет" – егде жастағы азаматтардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ашу бойынша қызмет көрсетуді қарастыратын әлеуметтік қызмет көрсетудің инновациялық түрі. Жиынға Көкшетау қаласы мен Ақмола облысының зейнеткерлері, курс оқытушылары мен университет ұжымы қатысты. Салтанатты рәсімде «Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің» ректоры Сырлыбаев Марат Қадірұлы құттықтау сөз сөйледі (суретте):
– Бүгінгі күні ҚР-ның 7 университетінде «Күміс университет» жобасы жұмыс істеуде. Соның бірі ағымдағы 2021–2022 оқу жылында "Өмір бойы білім беру" тұжырымдамасы аясында «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» "Күміс университет" жаңа әлеуметтік жобасын қолға алды. Біздің "Күміс университетіміздің" қызметі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №988 қаулысымен бекітілген ҚР-да Білім және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Біз өзіміздің "күміс" тыңдаушыларымызға өздігінен білім алу және өзін-өзі жетілдіру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеміз; қарым-қатынас ортасын қалыптастыруға көмектесеміз; шығармашылық әлеуетін жандандыруға және өмірге деген оң көзқарасын дамытуға тырысамыз. Құрметті жиналған қауым, осы сәтті пайдалана отырып баршаңызға көздеген мақсаттарыңызға сүрінбей жетулеріңізге сәттілік тілеймін, - деп атап өтті университет басшысы.
Келесі сөз кезегін алған жазушы-аудармашы, ҚР қоғам және мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеғұл Ғосман Төлеғұлұлы, "Ардагерлер ұйымы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің Көкшетау қалалық филиалының басшысы Шияп Шарапұлы және Көкшетау қаласының "жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекеме басшысы Қали Алтайұлы зейнеткерлерді осынау қастерлі кәсіби мерекелерімен құттықтап, университет ректорына зейнеттегі тұлғаларға осындай үлкен мүмкіндік беріп отырғанына ерекше алғыс білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Сөз кезегін «Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің» ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Жақыпова Айгүл Досжанқызы жалғастырып, өңірдің аға буын өкілдерінің өмір сапасы мен әлеуметтік белсенділігін арттыру және аймақтың аға буын өкілдерінің физикалық және психикалық денсаулығын нығайту бағытында құрылып отырған "Күміс Университеттің" зейнеткерлерге беретін мүмкіндіктерін атап өтіп, курстың қатысушылардың әртүрлі таланттарын дамытуға оңтайлы әсер ететіндігін айтып, курстан беретін пән мұғалімдері - лекторлармен таныстырды.
Айта кетейік, "Күміс Университеті" бағдарламасы бойынша келесі курстар тегін оқытылатын болады:
✓ Ағылшын тілі: А1, А2 базалық деңгейі
✓ Физиотерапия және емдік дене шынықтыру
✓ Компьютерлік және цифрлық сауаттылық
✓ Зейнеткерлік жастағы адамдардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру
✓ Бау-бақша шаруашылығы
✓ Орыс тілі: В1 деңгейі
✓ Неміс тілі: А1, А2 базалық деңгейі
✓ Қазіргі замандағы отбасының рухани-адамгершілік, ұлттық құндылықтары
✓ Өнер
Салтанатты мереке әсем әнмен, «Үкілі Ыбырай» тәтті күйімен жоғары деңгейде қорытындыланды. Рәсім соңында "Күміс Университет" бағдарламасының қатысушылары курстарға жазылып, аудиториямен танысты.