2022 жылдың 18 мамырында Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінде белгілі тұлға, жазушы-драматург, оқу орнымыздың құрметті профессоры, сенаторлар кеңесінің мүшесі, Көкшетау өңірінің тумасы Жабал Ерғалиевпен кездесу өтті.
Кездесуде Жабал Ерғалиев бүкілхалықтық референдум нәтижесінде өзгерістер енгізілетін реформалаларға түсініктеме берді.
«Жаңа Қазақстан ұғымын қалай түсінеміз?
30 жылда жіберген олқылықтарымызды ой елегінен өткізу арқылы әділетті Қазақстан құруды жөн көріп отырмыз. Қаңтар оқиғасы бізге тарихи сабақ болатындығын есімізге сақтауымыз керек. Бүкілхалықтық референдум нәтижесінде ҚР Конституциясының 99 бабының 33 бабына өзгерістер енгізілмек. Бұл үлкен өзгерістер орын алады деген сөз. Заңды білетін, заңмен өмір сүретін ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Әлеуметтік Қазақстан деген осы» - дей келе жазушы жастарға Қ.Ж.Тоқаевтың «Әке туралы толғау» еңбегін оқуды ұсынды.
Сондай-ақ сенатор егемен еліміздің тарихына қысқаша шолу жасап, ата-бабамыздың ұрпағына аманат етіп кеткен жер, тіл, дін, салт-дәстүр ұғымдарын құлаққа іліп, қайта жаңғыртуымыз керек екендігін қоса айтты.
«Әрқайсыңыздың көңілдеріңізде патриоттық сезім болуы керек. Елді, жұртты, мемлекетті сүйіп, тәуелсіздікті құрметтеу керек. Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Біз – ұлы даланы мекендеп отырған ұлы халықтың ұрпақтары Алаш қайраткерлерінің еңбектерін ұмытпауымыз керек» - деді.
Абайдың өсек, өтірік мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ деп айтып кеткен «бес дұшпанынан» қашық болып, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – «бес асыл іске» құмар болуға шақырды.
Абай айтқандай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...», Абайды оқып, оның әрбір сөзін өзіміздің тұлғамызбен салыстырып отыруымыз керек деді.
Жазушыны студенттер қауымы мұқият тыңдап, сенаторға мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы сұрақтар қойды.
Кездесу соңында білім ордамыздың басшысы Марат Қадірұлы профессорға зор денсаулық, шығармашылық табыс тілесе, ал жастарға абайтанушы, философ Жабал Ерғалиевтей шешен болыңыздар деп тілек білдірді.