2022 жылдың 25 сәуірі күні Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінде «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының сценарист әрі режиссері, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Мұрат Есжан және продюсері Айсәуле Әбілдамен кездесу өтті.
Кездесуге Ш.Уалиханов атындағы КУ-дің студенттері, Қазақстан студенттерінің альянсы мен белсенділері қатысты.
Жиында Ақмола облысы Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мансия Есекеева модераторлық етті.
Іс-шарада режиссер ұйықтап жатқан халықты өзінің шығармасындағы ызыңдаған «Масадай» оятқан Ахмет Байтұрсыновтың дара тұлғалық образын ашып, қазіргі заманмен салыстыра отыра, тарихи шолу жасады.
Диалог барысында Мұрат Есжан: «Қазіргі заман – үлкен бәсекелестік заманы. Соған қарамастан адамның миы – ағзасының ең жалқау бөлігі. Миын басқара алған адам ғана жетістікке жетеді. Тек оны мәжбүрлеу керек. Бұл үлкен еңбектенетін дүние, табандылықты қажет етеді», - деп жастарды жігерлендірді.
Өз кезегінде Айсәуле Әбілда да өзгерісті өзіңнен бастау керек екендігін, мамандықты адамның табиғатына қарай таңдау қажет екендігін айтып, өмірден өз орнын таппайынша жастарды ешқашан ізденуден жалықпауға, табандылыққа, еңбексүйгіштікке, өз-өзіне сыни тұрғыдан қарай білуге шақырды.
Жиын барысында студенттер көңілдегі сұрақтарына жауап алып, алтын уақыттарын бөліп арнайы келіп, әсерлі кездесу ұйымдастырғандарына алғыс білдірді.