2022 жылдың 7 сәуірі күні Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым акамедиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, мемлекет және қоғам қайраткері, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі орталығының төрағасы, философ, 19 кітап, 200-дей мақаланың авторы Өмірзақ Озғанбай оқу ордамыздың студенттерімен кездесті.
Кездесуге Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Госман Толегул, ректордың кеңесшісі Аманбай Сейтқасымов, академиялық сұрақтар бойынша проректордың м.а. Сансызбай Мемешов, педагогикалық институттың директоры Ақбота Бексеитова, тарих және «Рухани жаңғыру» кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Жиында профессор қазақ халқының тарихына қысқаша шолу жасады.
Атап айтсақ, «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп бар арманы қазақ халқының бостандығы, оның дербес мемлекетке айналуын аңсап өткен Шыңғыс ханның ұрпағы Әлихан Бөкейханов, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп халқының қамын жырлаған дана тұлға Абай Құнанбаев, жұртына қызмет етудің хас үлгісін көрсетіп кеткен ұлы қайраткер Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы сөз қозғап, халқының қамы үшін бүкіл өмірін сарп еткен ұлы тұлғаларды мәңгілік ұмытпауымыз керек дей келе, "Жаңа Қазақстанды" құруда жасалып жатқан шараларға, оның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына тоқталды.
Алып мемлекеттермен көрші болу оңай емес екендігін айта келіп, қазіргі уақытта ғаламда болып жатқан ауқымды мәселелерге де тоқталды.
«Ұстаздық – ұлы іс. Елдің болашағы осы ұстаздарға тәуелді. Себебі, елдің келешегін тәрбиелеп жатқан – сіздерсіздер» дей келе, сөз соңында болашақ педагогтерге ақ тілегін білдірді.
Аудитория тарапынан қойылған: «қазіргі депутаттардың ішінде кезінде Мемлекеттік Думаға мүше болғандай 12 адам бар ма?» деген сұраққа 6 жылдан астам уақыт бойы қазақтың алғаш депутаты бола жүріп 30-дан аса елде делегат болған, Ақ үйде болып, «Американың құрметті азаматы» атағын алған бұрыңғы депутат: «Жер бетінде қазақ деген атау өшпесін, қазақтың мықты ұл мен қыздары көп болсын!» деп жауап берді.
Сондай-ақ профессор «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заңдарды қайта қарау керектігін айтты.
Кездесуде ректордың кеңесшісі Аманбай Сейтқасымов профессорге болашақта студенттерге арнайы курс ұйымдастырсақ деп ұсыныс білдірді.
Жиын соңында профессор «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» атты кітабын оқу ордамызға тарту етті.