Университеттің 60 жылдық мерейтойы «Болашақ сарайында» жалғасып кетті. Салтанатты жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаған еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген қонақтар, жоғары оқу орындарының ректорлары, облыстық және қалалық білім беру мекемелерінің басшылары, қоғам және мемлекет қайраткерлері мен ардагер ұстаздар, сондай-ақ әр жылдары оқу бітіріп кеткен түлектер қатысты.

Мерекелік шара барысында университет тарихы туралы бейне-ролик көрсетілді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің құрылғанына биыл 60 жыл толып отыр. Университеттің мерейтойы - бұл тарихи кезең ғана емес, сонымен қатар өткен күндерге көз жүгірту, ортақ іске елеулі үлес қосқандарды жыл лебізбен еске алу.

Біздің университет ондаған жылдар бойы жоғары білікті маман кадрлардың ұстасы бола отырып, Қазақстанның экономикасын, мәдениетін, ғылымы мен білімін дамытуға зор үлес қосты.

Мерейтой аясында университет қабырғасында көптеген айтулы іс-шаралар өтіп, оның ішінде Ualikhanov University вымпелі Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары арасында алғаш рет Халықаралық ғарыш станциясында болды. Дербес пошта маркасы, университет тарихы туралы кітап шығарылды.

Салтанатты шараны Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев өзінің құттықтау сөзімен бастап, мейтойдың шымылдығын ашты.

Шара барысында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев университет ұжымын 60 жылдық мейтоймен құттықтады. Облыс әкімі а.ғ.д. профессор Уалихан Сағалбековті көпжылдық атқарған қажырлы еңбегі үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тағайындаған "Еңбек ардагері" медалімен арнайы марапаттады. Сондай-ақ, Көп жылғы адал еңбегі үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің атынан ғалым-ұстаздар Сансызбай Мемешовке, Марден Байдалинге, Нұрбол Какабаевқа, Мирас Сурагановқа алғыс хаттар табыс етті. Одан әрі университеттің бірқатар оқытушы-профессорлары білімнің әр саласы бойынша «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері» медалімен Оразхан Аймаков, Айна Хамитова., «Экология саласының үздігі» медалімен Айгуль Курманбаева, Идия Острецова., Достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтудың гуманистік мұраттарына қосқан белсенді еңбектері үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен университет ректоры Марат Сырлыбаев және Бірінші проректор Ғалым Байтоқ марапатталып, үлкен қошеметке ие болды.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев атынан Алғыс хатпен университеттің 12 оқытушы-профессоры да бүгінгі мерейтой барысында марапатталды.

Университеттің 60 жылдық мерейтойына арнайы келген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясатқа сөз беріліп, бүгінде Солтүстік өңірдегі білім беру ордасының қара шаңырағына айналып отырған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ұжымын ерекше құттықтап, өз ықыласын білдірді.

Министр сөз кезегінде Ғылым мен мәдениет, білім беруді дамытудағы сіңірген еңбегі және белсенді қоғамдық қызметі үшін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылыми жұмыс және аймақпен өзара әрекеттесу жөніндегі проректор Айгүл Жақыпованы «Құрмет» орденімен марапаттап, университеттің 15 оқытушы-профессорына Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ, �Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының марапаттарын да табыстады. Атап айтар болсақ, Қазақстанның білім және ғылым жүйесінің дамуына қосқан айрықша үлесі және жоғары білікті мамандарды дайындаудағы ерен еңбегі үшін «Ахмет Байтұрсынов атындағы» ордені ректордың кеңесшісі Аманбай Сейтқасымовқа, Жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және белсенді ғылыми жетістіктері мен ерен еңбегі үшін, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласының «Үздік ғылым қызметкері» атағы Әбілжан Хусаиновқа, Еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және жоғары білікті мамандар дайындаудағы ерен еңбегі үшін, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласының «Үздік педагогы» атағы Шынар Дүрмекбаеваға, Еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және әкімшілік-басқарудағы нәтижелі ерен еңбегі үшін, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласының «Үздік менеджері» атағы ректор аппаратының басшысы Серік Қаирденовке беріледі.

Салтанатты шара барысында Оқу ағарту министрлігінің бірінші вице министрі, университетіміздің түлегі Шолпан Каринова сөз кезегін алып, өзі оқып кеткен білім ордасын мақтанышпен еске алды. Соңында «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен Бария Жахина, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен Карима Канитаева, Гульнар Фаткиева, Анара Амиржанова, Айсулу Шаяхметова, Гүлден Тлеубердинаны марапаттады.

Мәдени шара барысында біздің университеттің дамып-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан отандық және шет елдік ғалымдар да Ualikhanov university мерейтойлық медалімен марапатталды.

Уәлиханов атындағы университет қазақстандық университетте алғаш рет студенттерді қызметтің әртүрлі салаларында ілгерілетуге қатысты бірегей жобаны жүзеге асыруда. Бүгінгі шарада "Шоқан тарландары" жобасының тұсаукесері де жасалды.

Сондай-ақ, салтанатты жиынға арнайы қонақ болып келген отандық ЖОО басшылары да өз лебіздерін білдіріп, мерейлі мерекемен құттықтады. Еліміздегі және шет елдің білім беру орталықтарынан да бірқатар құттықтау хаттар келіп түсті.

Ақмола облыстық маслихат хатшысы Талғат Жунусов, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, әр жылдары университетті басқарған ректорлар Сғынтай Елубаев, Бақыт Жунусов, қоғам және мәдениет қайраткерлері, тыл және еңбек ардагерлері, сондай-ақ әр жылдары білім ордасын бітіріп кеткен түлектер де сөз кезегін алып, өздерінің қызмет атқарып, білім алған университетіне, ондағы дәріс берген ұлағатты ұстаздар қауымына ықылас-ниеттерін білдіріп, мерейлі мерекемен құттықтады.

Мерекелік шарада әсем әндер шырқалып, әуезді күйлер тартылды. Ұлттық киімдегі мың бұралған биші қыздар би билеп, сахна төрінің сәнін келтірді.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ұжымын 60 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймыз! Бүгінде алпыстың асқар шыңына жетіп отырған ғалым-ұстаздарына жас ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игі істеріне толағай табыс тілейміз!

Мерейтойларыңыз құтты болсын!