2024 жылғы 23 мамырда Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Дүниежүзілік Банктің "Педагогикалық білім моделін енгізу және оның мазмұнын нығайту" жобасы шеңберінде оқытушылар үшін біліктілікті арттыру курстары бойынша сертификаттарды тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Бұл ауқымды жобаны Hame қолданбалы ғылымдар университеті (Финляндия) Назарбаев университетімен бірлесіп ұйымдастырған. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі педагогикалық бағдарламаларды іске асыратын еліміздің барлық жоғары оқу орындарын қамтыған жобаны табысты іске асыруға ерекше назар аударды.
Жоба педагогикалық білім беру моделін әзірлеуден басталды, оның шеңберінде педагогтерге арналған 30 құзыреттілікке бағытталған ұлттық білім беру бағдарламалары қайта қаралып, әзірленді.
Келесі қадам оқу процесіне осы бағдарламаларды масштабтау және енгізу болды. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті осы жобаға белсенді қатысып, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және оларды енгізу бойынша жұмыс жасады.
Біліктілікті арттыру курсына Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінен 65 оқытушы және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінен 24 оқытушы қатысты.
Бағдарламаға қарқынды онлайн сессиялар, офлайн оқыту және курстан кейінгі қолдау кірді.Масштабтау кезеңіндегі курстардың тренерлері Биология және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі биология ғылымдарының кандидаты Дурмекбаева Шынар Нурлыбековна, ағылшын тілі және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Рыспаева Динара Сәрсембаевна және психология және педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Молдабекова Сандуғаш Қайырқанқызы болды.
Барлық қатысушыларды оқудың сәтті аяқталуымен құттықтаймыз және олардың маңызды жұмыстарына сәттілік тілейміз!