2025 жылғы 5 мамырда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің интернационалдандыру және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор міндетін атқарушы Курманбаева А.С. CBHE Erasmus+ жобасы аясында ұйымдастырылған “Айналмалы экономика және тұрақты даму саласында инновациялық оқу бағдарламалары мен модульдерін әзірлеу (CirculEC)” атты тренингтер сериясына қатысушыларға сертификаттар табыстады.

2025 жылғы 11–27 наурыз аралығында CirculEC жобасының еуропалық серіктес жоғары оқу орындары (Италия — Неапольдегі Федерико II университеті; Германия — Fachhochschule des Mittelstands; Испания — Сантьяго-де-Компостела университеті) тарапынан тренингтер офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, өткізілді.

Тренингтердің тақырыбы жоғары оқу орындарының оқытушыларының айналмалы экономика саласындағы әлеуетін дамытуға бағытталды және экологиялық менеджмент, тұрақты даму, бәсекеге қабілеттілік пен экологиялық кәсіпкерлік мәселелерін қамтыды. Осы тренингтерге қатысудың арқасында Орталық Азия университеттерінің (Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан) оқытушылары, жұмыс берушілері, докторанттары мен магистранттары айналмалы экономика мен тұрақты даму саласындағы білімдерін тереңдетуге, сондай-ақ Еуропа компанияларындағы цикльді және тұрақты бизнес-модельдердің құрылу және жұмыс істеу ерекшеліктерін зерделеуге мүмкіндік алды.