2025 жылғы 10 сәуірде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Ғылым айлығына арналған бекітілген іс-шаралар жоспары аясында «Химия және биотехнология салаларындағы ғылымның қазіргі заманғы бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл іс-шара көрнекті ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Оразхан Аймақович Аймақовтың 85 жылдық мерейтойы мен университет қабырғасында «Биотехнология» мамандығының ашылғанына 20 жыл толуына арналды.

Химия және биотехнология кафедрасының ұйымдастыруымен өткен жиынға университеттің профессор-оқытушылық құрамы, түлектер, ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің түрлі өңірлерінен онлайн қатысушылар қатысты. Университеттің ғылыми жұмыс және өңірмен байланыс жөніндегі проректоры, ф.ғ.д., профессор Жақыпова А.Д. кіріспе сөз сөйлеп, профессор О.Аймақовтың ғылым мен білім саласына қосқан елеулі үлесін атап өтті және университетіміздің ректоры М.К. Сырлыбаевтың атынан профессор О.Аймақовты алғыс хат пен I дәрежелі төсбелгімен марапаттады.

Шара барысында ғалымның ғылыми-педагогикалық жолы, шәкірттерінің жылы естеліктері мен құттықтаулары тыңдалды. Профессор Аймақовтың еліміздің ғылымы мен білім беру саласына қосқан зор үлесі жоғары бағаланды.

Профессор Оразхан Аймақовичке зор денсаулық, шығармашылық шабыт және ғылыми ізденістерінің толастамай, жас ұрпаққа жол сілтей беруін тілейміз. Ұстаздың өнегелі өмірі мен еңбегі кейінгі буынға әрдайым үлгі бола бермек.«Биотехнология» білім беру бағдарламасына алдағы уақытта да табысты түлектер, жаңашыл ғылыми жобалар мен халықаралық деңгейдегі жетістіктер тілейміз. Бұл мамандық ел ғылымының дамуына үлес қосатын кәсіби кадрлар даярлауда өз миссиясын абыроймен атқара беретініне сенім мол.