30 қазанда Ualikhanov University-де Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың Басқарма төрағасы Абай Қабатайұлы Байгенжин студенттерге қонақ дәрісін өткізді.
Іс-шараға Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың Басқарма төрағасының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Болат Ғаббасұлы Купенов, университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы және Жоғары медицина мектебінің студенттері қатысты.
Кездесуді ашқан Ualikhanov University Басқарма төрағасы - ректоры Марат Қадірұлы Сырлыбаев академиктің отандық медицина ғылымы мен денсаулық сақтау жүйесінің дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтіп, оның ғылыми жетістіктері мен кәсіби тәжірибесінің болашақ дәрігерлер үшін маңыздылығына тоқталды.
Абай Байгенжин - Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы белгілі ғалым, тәжірибелі дәрігер және медицина ісінің ұйымдастырушысы. Еңбек жолын хирург ретінде бастаған ол ұзақ жылдар бойы медициналық мекемелерді басқарып, отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға үлес қосты. Ғалымның кәсіби қызметі клиникалық медицинаға инновациялық технологияларды енгізумен, соның ішінде жасушалық технологияларды дамыту және ғылыми жетістіктерді медициналық тәжірибеде қолданумен тығыз байланысты.
Қонақ дәрісі барысында Абай Қабатайұлы медицина ғылымының дамуы, ғылыми зерттеулер мен клиникалық тәжірибенің сабақтастығы, заманауи технологиялардың денсаулық сақтау саласындағы рөлі туралы ойларымен бөлісті. Сондай-ақ студенттерге кәсіби тәжірибесінен мысалдар келтіріп, дәрігер мамандығындағы жауапкершілік, үздіксіз білім алу және ғылыми ізденістің маңызын түсіндірді.
Іс-шара барысында Ualikhanov University Басқарма төрағасы – ректоры Марат Қадірұлы Абай Қабатайұлына университеттің «Құрметті профессоры» атағын беріп, ресми түрде аттестатын табыстады. Бұл атақ ғалымның медицина ғылымындағы жетістіктері мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін берілді.
Сонымен қатар Ualikhanov University мен Ұлттық ғылыми медициналық орталық арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту, медициналық білім беру сапасын арттыру және білікті мамандар даярлау бағытындағы бірлескен жұмыс мүмкіндіктері талқыланды.
Академикпен кездесу Жоғары медицина мектебінің студенттері үшін тәжірибелі маманнан кәсіби кеңес алуға, медицина саласындағы ғылыми жаңалықтар мен заманауи тәжірибелер туралы білімін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Мұндай кездесулер болашақ дәрігерлердің кәсіби көзқарасын қалыптастырып, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.