«Түлектер – ұлт руханиятының тірегі» форумы
15 мамыр күні Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының бастамасымен «Түлектер – ұлт руханиятының тірегі» атты тағылымды форум ұйымдастырылды.
Іс-шараға еліміздің түрлі аймақтарында табысты еңбек етіп жүрген университет түлектері арнайы қатысып, өз кәсіби жолдары мен өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Форум аясында мәдениет және руханият, ғылым мен білім, әлеуметтік сала, құқық қорғау жүйесі, педагогика, сондай-ақ медиа және коммуникация бағыттарының өкілдері бас қосып, мазмұнды пікір алмасу алаңы қалыптасты.
Кеш бағдарламасы аясында ұлттық өнеріміздің інжу-маржаны – айтыс ұйымдастырылып, домбыра үні мен тапқыр сөз көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, кафедра ұжымы дайындаған концерттік бағдарлама форумның көркін арттыра түсті.
Аталған шара түлектер мен студенттер арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналды. Форум жастарға жаңа серпін беріп, рухани және кәсіби дамуға жол ашты.