Ualikhanov University Жоғары медицина мектебінің интерндері Ташкент қаласында өткен «Болашақ медицинасы – 2026» халықаралық олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетті. Байқауға әлемнің 26 елінен 102 команда қатысты.

Халықаралық олимпиада болашақ дәрігерлердің кәсіби біліктілігін шыңдауға, теориялық білімі мен практикалық дағдыларын бағалауға бағытталған. Қатысушылар клиникалық тапсырмаларды орындап, медицинаның түрлі бағыттары бойынша білімдері мен тәжірибелік дағдыларын сынға салды.

Нәтижесінде университетіміздің командасы FLS Peg Transfer номинациясы бойынша үздік бес команданың қатарына енді. Бұл кезеңде интерндер лапароскопиялық құралдарды қолдана отырып, хирургиялық манипуляцияларды орындау шеберлігін көрсетті.

Университет намысын 6-курс интерндері Асан Балтабаев, Әсет Есенжолов, Асылтас Кендирбаева, Жандос Тайлаков және Аяна Серикова қорғады. Команда жетекшісі - Симуляциялық орталықтың меңгерушісі Әсел Асқарқызы Шайзадаева.

Олимпиада қорытындысы бойынша интерндеріміз алғыс хаттармен, қатысушы сертификаттарымен және 3 000 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Бұл жетістік болашақ дәрігерлерді даярлауда практикалық оқытудың, соның ішінде заманауи симуляциялық технологияларды қолданудың маңызын көрсетеді. Мұндай оқыту әдістері студенттердің клиникалық дағдыларын жетілдіріп, кәсіби тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.

Интерндеріміз бен олардың жетекшісін халықаралық олимпиададағы жетістігімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да кәсіби табыс пен жаңа белестер тілейміз!