Научная статья наших ученых, изучивших особенности распространения онкологических заболеваний в Казахстане, опубликована в авторитетном международном журнале Frontiers in Oncology. Статья вышла 12 ноября. Журнал индексируется в международных базах данных Web of Science (SCIE) и Scopus и относится к первому квартилю (Q1) по показателю CiteScore в категории Oncology.
Ғылыми жұмыс Ualikhanov University, Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университеті және Орталық Азия медициналық зерттеулер институты ғалымдарының бірлескен зерттеуінің нәтижесі.
Зерттеуге Жоғары медицина мектебінің Өмір және денсаулық туралы ғылымдар орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрбек Сағынбекұлы Игісін ғылыми жетекшілік етті. Орталықтың ғылыми қызметкері Жансая Тельманова зерттеу әдістемесін әзірлеуге, статистикалық талдау жүргізуге, нәтижелерді визуализациялауға және ғылыми мақаланы дайындауға үлес қосты.
Авторлар құрамына Дархан Ахмедин, Асия Куканова, Назгүл Джантемирова, Еркежан Газизова, профессор Абай Макишев және Зарина Билялова да енді.
Ғалымдар Қазақстанда 2017–2025 жылдар аралығында көмей-жұтқыншақ пен оған іргелес анатомиялық аймақтардың қатерлі ісіктеріне (МКБ-10, C12–C14) қатысты сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткіштерін, жас және жыныс ерекшеліктерін, өңірлік айырмашылықтарды және аурудың уақтылы анықталуын зерттеді. Ресми статистикалық деректер негізінде тоғыз жыл ішінде тіркелген 1 420 сырқаттану және 804 өлім жағдайына талдау жасалды.
Зерттеу нәтижесінде сырқаттанушылық көрсеткішінің жыл сайын орта есеппен 4,1%-ға, ал өлім-жітім көрсеткішінің 6,1%-ға төмендегені анықталды. 50 және одан жоғары жастағы ерлер арасында бұл көрсеткіштер әйелдерге қарағанда төрт еседен астам жоғары болған. Ал 50 жасқа дейінгі тұрғындар арасында керісінше, әйелдерде жоғары көрсеткіштер тіркелген.
Өңірлік талдау барысында сырқаттанушылықтың ең жоғары стандартталған көрсеткіші Атырау облысында, ал өлім-жітімнің ең жоғары стандартталған көрсеткіші Астана қаласында тіркелгені анықталды.
Ғалымдар ауруды ерте анықтау мәселесіне ерекше назар аударды. Диагноздардың 97,2%-ы морфологиялық тұрғыдан расталғанымен, науқастардың 74,9%-ында ауру III–IV сатыда тіркелген. Сонымен қатар зерттелген кезеңде мезгілсіз өлім салдарынан жоғалған әлеуетті өмір жылдарының жалпы көрсеткіші 11 462,5 жылды құраған.
Зерттеу нәтижелері еліміздегі онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау жүйесін жетілдіру, өңірлердің медициналық көмекке қажеттілігін бағалау және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ғылыми негізделген шараларды жоспарлау үшін маңызды.
Айта кетейік, профессор Нұрбек Сағынбекұлы Игісін онкология, эпидемиология және қоғамдық денсаулық сақтау салаларында ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылыми кадрлар даярлаумен айналысады. Ол 500-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
Профессор Нұрбек Сағынбекұлы Игісінді, Жансая Тельманованы және авторлар ұжымын кезекті ғылыми жетістіктерімен құттықтаймыз! Ғылыми ізденістеріңіз жемісті болып, отандық медицина ғылымының дамуына қосар үлестеріңіз мол болсын!
🔗 Мақаланың толық нұсқасы: https://doi.org/10.3389/fonc.2026.1961121