Ualikhanov University жанындағы Өмір және денсаулық ғылымдары орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрбек Сағынбекұлы Игісіннің қатысуымен дайындалған ғылыми мақала әлемдегі жетекші ғылыми басылымдардың бірі - Scopus деректер базасына кіретін және Springer Nature халықаралық баспасында жарық көретін Q1 деңгейіндегі BMC Public Health журналында жарияланды.
«Twenty years of age-standardized prostate cancer mortality in Kazakhstan (2005-2024): joinpoint model and geographical hot spot and cold spot analysis» атты мақала Қазақстандағы қуық асты безі обырынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерінің 2005-2024 жылдар аралығындағы 20 жылдық динамикасын кешенді талдауға арналған.
Зерттеу барысында халық өлім-жітімі жөніндегі ұлттық деректер пайдаланылып, заманауи эпидемиологиялық әдістер қолданылды. Атап айтқанда, Joinpoint-регрессиялық модельдеу, стандартталған өлім-жітім көрсеткіштерін есептеу, геоақпараттық картографиялау және кеңістіктік талдау жүргізілді. Бұл тәсілдер аурудың таралуындағы өңірлік ерекшеліктерді анықтауға мүмкіндік берді.
Зерттеу нәтижелері соңғы жылдары қуық асты безі обырынан болатын өлім-жітімнің статистикалық тұрғыдан айтарлықтай төмендегенін көрсетті. Сонымен қатар еліміздің әртүрлі өңірлерінде тәуекел деңгейінің біркелкі еместігі және жоғары әрі төмен қауіп аймақтарының тұрақты кластерлері анықталды.
Алынған нәтижелер онкологиялық көмекті жетілдіру, ерте диагностикалау жүйесін дамыту және өңірлік профилактикалық бағдарламаларды әзірлеу үшін маңызды ғылыми негіз бола алады.
Q1 деңгейіндегі халықаралық журналдағы жарияланым қазақстандық ғалымдардың зерттеулерінің жоғары ғылыми деңгейін растап, отандық ғылымның онкоэпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау және дәлелді медицина салаларының дамуына қосқан үлесін көрсетеді.
Зерттеу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру жобасы AP23484167 «Қазақстандағы қуық асты безі обырының ауыртпалығы: қазіргі жағдайды бағалау, детерминанттардың рөлі және инновациялық шешу жолдары» аясында жүзеге асырылды.
Ғылыми жобаның жетекшісі - PhD, қауымдастырылған профессор Зарина Аронқызы Билялова. Жобаның ғылыми консультанты - медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрбек Сағынбекұлы Игісін.
Зерттеу авторлары қатарында Қазақстан, Қырғызстан және Иран ғалымдары бар. Бұл қазақстандық ғылымның халықаралық ғылыми қауымдастықпен белсенді ықпалдастығын және зерттеу саласындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді.
https://link.springer.com/article/10.1186/s12889-026-27549-0