Ualikhanov University ғалымдары қатысқан халықаралық зерттеу жұмысы Nature Portfolio құрамына кіретін беделді Scientific Reports ғылыми журналында жарияланды. Қазақстандағы тік ішек обырының таралу ерекшеліктеріне арналған зерттеу нәтижелерінің Scopus деректер базасында Q1-ге енетін басылымда жариялануы университеттің ғылыми қызметіндегі маңызды жетістіктердің бірі.
Зерттеуге медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Өмір және денсаулық ғылымдары орталығының» басшысы Нұрбек Сағынбекұлы Игісін ғылыми жетекшілік етті. Қазақстан, Қырғызстан және Иранның ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдерінен құралған 13 авторлық ұжымның жұмысына университет ғалымдары Иван Шишкин мен Күлсара Рүстемова да қатысты.
«Қазақстандағы тік ішек обырымен сырқаттанушылықтың жас бойынша стандартталған көрсеткіштерінің жиырма жылдық динамикасы және географиялық айырмашылықтары» атты ғылыми мақалада еліміздегі тік ішек обырымен сырқаттанушылықтың өзгеру динамикасы мен өңірлік ерекшеліктері қарастырылған. Ғалымдар ұлттық онкологиялық тіркелімнің 2005–2024 жылдардағы деректеріне сүйеніп, тік ішек пен ректосигмоидты қосылыс обырының 28 368 жағдайына талдау жүргізген.
Нәтижесінде тіркелген жағдайлардың 88,1 пайызы 50 жастағы және одан асқан адамдарға тиесілі екені анықталды. Жас бойынша стандартталған сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 8,5 жағдайды құраған. Ерлер арасында бұл көрсеткіш 10,9, әйелдер арасында 7,0 болған. Талдау кезеңінде жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші жылына орта есеппен 1,2 пайызға артқанымен, халықтың жас құрылымын ескеретін стандартталған көрсеткіште статистикалық тұрғыдан елеулі өзгеріс байқалмаған.
Өңірлік талдау Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында сырқаттанушылық деңгейі жоғары, ал оңтүстік өңірлерде салыстырмалы түрде төмен екенін көрсетті. Анықталған айырмашылықтар онкологиялық аурулардың таралу ерекшеліктерін тереңірек зерттеудің маңызын айқындайды. Алынған нәтижелер сырқатты бақылау жүйесін жетілдіруге, қауіп факторларын анықтауға және алдын алу шараларын өңірлік ерекшеліктерге сәйкес жоспарлауға ғылыми негіз бола алады.
Зерттеу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024–2026 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруы негізінде іске асырылып жатқан «Қазақстандағы тоқ ішек ауруларын анықтау және зерттеу: клиникалық, диагностикалық және морфологиялық ерекшеліктері, жаңа әдістер мен шешімдер» ғылыми жобасы аясында жүргізілді.
Профессор Нұрбек Сағынбекұлы Игісін – онкоэпидемиология және қоғамдық денсаулық сақтау саласында көпжылдық тәжірибесі бар ғалым. Ол 502 ғылыми еңбектің, оның ішінде 282 ғылыми мақаланың, 5 оқу құралы мен 215 ғылыми баяндама тезисінің авторы. Ғалымның 65 еңбегі Scopus халықаралық деректер базасында индекстелген. Оның ғылыми жетекшілігімен 10 философия докторы (PhD) мен 21 магистр даярланған.
Scientific Reports – Springer Nature баспасының Nature Portfolio құрамындағы халықаралық рецензияланатын ғылыми журнал. Басылым Scopus деректер базасында Q1 санатына жатады. 2025 жылғы CiteScore көрсеткіші бойынша журнал Multidisciplinary санатында 87-процентильге ие болып, осы бағыттағы басылымдардың үздік 13 пайызының қатарына енген.
Ғылыми мақаланың осындай деңгейдегі халықаралық басылымда жариялануы Қазақстанда жүргізілген зерттеудің нәтижелерін әлемдік ғылыми қауымдастыққа танытып, онкоэпидемиология саласындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Бұл жетістік университет ғалымдарының халықаралық әріптестерімен бірлескен зерттеу жұмыстарының нақты нәтижесін көрсетеді.
Профессор Нұрбек Сағынбекұлы мен халықаралық авторлық ұжымды ғылыми жетістігімен құттықтаймыз!
Ғылыми мақаланың толық нұсқасы: https://www.nature.com/articles/s41598-026-74344-3