Ualikhanov University-дің Құқық кафедрасының студенті Лиза Есенбол Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы Жастар қозғалысының құрамына енді.

Жастар қозғалысын құру бастамасы Мемлекет басшысының «Жастар саясаты жастар үшін емес, жастармен бірге құрылуы керек» деген ұстанымымен үндеседі. Қозғалыстың құрылғанын Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов Петропавл қаласында өткен «Ұлттың жаңа болмысы: жастар және азаматтық жауапкершілік» республикалық жастар лагерінде мәлімдеді.

Жастар қозғалысының құрамына еліміздің барлық өңірінен 126 жас енді. Бұл сан Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің санына сәйкес келеді.

Қозғалыс жастардың кәсіби даярлығына, жұмысқа орналасуына және цифрлық дағдыларды меңгеруіне қолдау көрсетіп, ауылдардағы IT-орталықтарды дамытуға көңіл бөледі. Волонтерлік, экологиялық және қоғамдық жобаларды іске асыру, кітап оқу мәдениетін дамыту мен дарынды жастарды қолдау да қозғалыстың жұмыс бағыттарына кіреді.

Еліміздің жарқын болашағы – білімді, бастамашыл әрі жауапкершілігі жоғары жастардың қолында. Олардың бүгінгі еңбегі мен ізденісі ертең ел игілігіне жарайтынына сенеміз.