Ualikhanov University-де өткен «Микрофон мен қалам: екі тағдыр, бір шындық» атты кездесуде журналистің кәсіби ұстанымы, сөзге жауапкершілігі және уақыт талабына бейімделуі сияқты мәселелер талқыланды. Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы ұйымдастырған жүздесу студенттерге тәжірибелі қаламгерлермен еркін әңгімелесіп, журналистиканың бүгінгі жайы туралы пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Кездесуге Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Президенті сыйлығының иегері Байқал Қайырлыұлы Байәділов және Қазақстан Журналистер одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның құрметті журналисі, «Ақпарат саласының үздігі» Бақыт Хайржанұлы Смағұл қатысты. Жиын модераторы Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының профессор-ассистенті, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аян Төлегенұлы Қажыбай болды.

Бүгінгі журналистке қойылатын талап, ақпараттық кеңістіктегі өзгерістер маман жұмысына әсер туралы тағылымды сұхбат өрбіді. Қонақтардың кәсіби пайымы мен еңбек жолынан алынған мысалдар студенттерге журналистиканы күнделікті ізденіс пен жауапкершілікті қажет ететін мамандық ретінде тереңірек танытты.

Байқал Байәділовтің әңгімесінде газет жанрларының ерекшеліктеріне, салалық журналистиканың дамуына және телевизиядағы сөз бен бейненің үйлесіміне басымдық берілді. Баспа басылымы мен экран тілінің өзіндік сипаты, материалды аудиторияға жеткізу ерекшеліктері туралы пікірлері болашақ журналистер үшін маңызды. Бұл тақырыптар студенттердің теориялық білімін кәсіби тәжірибемен сабақтастыра түсті.

Танымал журналист, қоғам қайраткері, Көкшетау қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір» орталығының директоры Бақыт Смағұлдың әңгімесіне «Көкшетау», «Арқа ажары», «Алаш үні» және «Бұқпа» басылымдарындағы еңбек жолы негіз болды. Қаламгер мақала жазудың ерекшеліктері мен редакция жұмысының қыр-сыры туралы ой бөлісті. Әртүрлі басылымда жинақталған тәжірибе, шығармашылық ізденіс пен журналистік шеберлік мәселелері студенттермен әңгіменің мазмұнын толықтырды.

Жүздесудің жалғасы ашық пікір алмасуға ұласты. Студенттердің сауалдары арасында жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалы, журналистің құқықтары мен міндеттері туралы сұрақтар болды. Жастарды қызықтырған тақырыптар Шерхан Мұртазаның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген сөзі осы мамандықтың жауапкершілігі мен бейнетін дәл бейнелейді.

Осындай мазмұнды кездесулер білім алушыларға журналистиканың қыр-сырына терең үңілуге жол ашады. Қаламгерлердің еңбек жолы мен кәсіби ұстанымы жастарға сөздің салмағын, оқырман сенімі мен адал еңбектің қадірін түсінуге көмектеседі.