26 сәуірде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Ғылым және білім – ұлттың зияткерлік әлеуеті» атты Көкшетау қаласы мен Ақмола облысының жалпы білім беретін мектептері директорларының республикалық педагогикалық форумы өтті. Форумды университеттің педагогикалық институты ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдегі білім беру ұйымдарының интеграциясы мен өзара әрекеттесуі үшін үздіксіз педагогикалық білім беруді дамыту, сондай-ақ заманауи еңбек нарығының талаптарына жауап беретін жоғары білікті мамандарды даярлау сапасын арттыру.

Бұл форум дәстүрге айналып, үшінші рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар жыл сайын қатысушылардың географиясын кеңейтуге тырысады және әртүрлі университеттерден, серіктес ұйымдардан және білім беру жүйесімен байланысты мүдделі тараптардан қонақтарды шақырады.

Форумға 130-дан астам мектеп директорлары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Өңірдегі білім беру саласын дамыту үшін құнды ойлар мен тұщымды пікірталастарды ортаға салған Республикалық педагогикалық форум өз жұмысын сәтті аяқтады.