Бүгін, 28 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы қарсаңында жарияланған Жолдауда Президент еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, экономиканы жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, цифрлық трансформация және қоғамдағы бірлік пен жауапкершілікті нығайту мәселелеріне тоқталды.

Жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі – жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономиканы қалыптастыру. Мемлекет басшысы цифрландырудың нақты нәтижеге бағытталуы, жаңа технологиялардың экономиканың барлық саласында тиімді қолданылуы және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға қызмет етуі қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Жолдауда білім мен ғылымды дамыту, қолданбалы зерттеулерді қолдау, технологиялық кәсіпкерлікті өркендету және инновацияларды өндіріске енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғырту, өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру міндеттері де маңызды орын алды.

Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту көзделіп отыр. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, өңірлердің дамуына және болашақ ұрпақ үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жолдауда айқындалған міндеттер жоғары білім мен ғылым саласының алдына да жаңа талаптар қояды. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, ғылыми әлеуетті нығайту, жаңа технологияларды игеру және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты дамыту еліміздің ұзақ мерзімді өркендеуі үшін маңызды.

Осы тұрғыда Ualikhanov University сапалы білім беру, ғылыми зерттеулер мен инновацияларды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және білікті мамандар даярлау арқылы еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.