Ualikhanov University «Шығармашылық және спорт» кафедрасының меңгерушісі Какабаева Динара Сериковна 8D01103 – «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасы бойынша «Арт-технологиялар арқылы болашақ педагог-психологтың кәсіби ұстанымын қалыптастыру» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, философия докторы (PhD) дәрежесіне ие болды.
Диссертациялық зерттеу болашақ педагог-психологтарды кәсіби даярлаудың өзекті мәселелеріне арналған. Зерттеу барысында білім беру үдерісінде арт-технологияларды қолданудың мүмкіндіктері және олардың болашақ мамандардың кәсіби ұстанымын қалыптастырудағы рөлі қарастырылды. Зерттеу нәтижелерінің педагогика мен психология саласындағы заманауи тәсілдерді одан әрі дамытуда ғылыми және практикалық маңызы бар.
Ғылыми жетекшісі – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абибулаева Айжана Будановна, шетелдік ғылыми кеңесшісі – Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің (РФ) педагогика ғылымдарының докторы, профессоры Чекалева Надежда Викторовна. Ғылыми жетекшілеріне кәсіби қолдауы, ғылыми жетекшілігі мен зерттеу жұмысына қосқан үлесі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.
Динара Сериковнаны докторлық диссертациясын сәтті қорғап, философия докторы (PhD) дәрежесіне ие болуымен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл жетістік – ұзақ жылғы ғылыми ізденістің, кәсіби біліктіліктің, табандылық пен қажырлы еңбектің нәтижесі.
Алдағы уақытта жаңа ғылыми ізденістер мен тың идеялар, кәсіби және академиялық жобалардың табысты жүзеге асуын, ғылым жолында жаңа жетістіктер тілейміз!
Ualikhanov University ғылыми қауымдастығының жаңа PhD иегерлерімен толығуы – университеттің ғылыми әлеуетінің артып келе жатқанының айқын көрінісі. Ғалымдарымыздың жетістіктері отандық ғылым мен жоғары білімнің дамуына үлес қоса берсін!