18 қарашада Ualikhanov University мен Гонконг Метрополитен университеті (HKMU) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында кезекті онлайн кездесу өтті. Оған екі университеттің «Күміс университеті» бағдарламасының тыңдаушылары қатысты.

Кездесу Қазақстан мен Гонконгтың ұлттық мерекелері, отбасылық дәстүрлері мен салт-жоралғыларына арналды. Тыңдаушылар өздері дайындаған таныстырылымдар арқылы мерекелерді атап өту ерекшеліктері мен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлер туралы мәлімет берді.

Кездесу барысында қатысушылар ұлттық киімдер мен тұрмыстық бұйымдарды көрсетіп, дәстүрлі тағамдарды таныстырды. Сондай-ақ халықтық мерекелер мен салт-жоралғыларға байланысты ұлттық музыкадан үзінділер ұсынылды. Бұл екі елдің мәдени ерекшеліктерін жақынырақ танып, өзара пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Бұл кездесу екі университеттің «Күміс университеті» бағдарламасы аясындағы ынтымақтастығының бір бағыты болып табылады. Алдағы уақытта тараптар білім беру бағдарламаларын кеңейту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр.