24 - 27 қыркүйек аралығында Италияның Мола-ди-Бари қаласында Халықаралық үшінші буын университеттері қауымдастығының (AIUTA) FEDERUNI-мен бірлесіп ұйымдастырған 51-ші Халықаралық конгресі өтті. 21 елдің өкілдерін біріктірген халықаралық алаңда үшінші буын университеттерін дамыту және белсенді ұзақ өмір сүруді қолдаудағы білімнің рөлі талқыланды.

Конгресс аясында Қазақстанның Күміс университеттер қауымдастығының (ҚКУҚ) хатшысы Мөлдір Талпақова Альдо Моро университетінде өткен «U3A оқшаулануға қарсы жауап ретінде» халықаралық конференциясында сөз сөйледі. «Қазақстан – Орталық Азиядағы үшінші буын университеттерінің жаңа хабы» тақырыбындағы баяндамасында ол Қазақстандағы күміс білім беруді дамыту тәжірибесін таныстырды.

Бүгінде ҚКУҚ желісі 15 жоғары оқу орны мен 1500-ден астам тыңдаушыны біріктіреді. Конгресс қатысушыларына қауымдастықтың алғашқы Жазғы мектебінің нәтижелері, Өзбекстан және Қырғызстанмен ынтымақтастық тәжірибесі, сондай-ақ Webster University Tashkent базасында жүзеге асырылып жатқан Күміс университеттің пилоттық жобасы таныстырылды.

Бағдарламаның жеке бөлігінде Ualikhanov University ректоры, Қазақстанның Күміс университеттер қауымдастығының президенті Марат Сырлыбаевтың конгресс қатысушыларына арналған бейнеүндеуі көрсетілді. Ол аға буын өкілдерінің білім алу мүмкіндіктерін дамытуда халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, AIUTA басшылығын Қазақстанға шақырды.

Конгреске қатысу Ualikhanov University мен Қазақстанның Күміс университеттер қауымдастығының күміс білім беруді дамыту, халықаралық тәжірибе алмасу және әлемнің түрлі елдеріндегі үшінші буын университеттерімен кәсіби байланысты нығайту бағытындағы жұмысының жалғасы болды.