Ualikhanov University O.P. Jindal Global University (Индия Республикасы) делегациясымен кездесу өткізді
Ualikhanov University-де Үндістанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі - O.P. Jindal Global University (JGU) өкілдерімен кездесу өтті.
Университет басшылығымен өткен кездесуге JGU-дің Институционалдық даму және стратегиялық жаһандық ынтымақтастық офисінің директоры әрі қауымдастырылған деканы, профессор (доктор) Рахул Бхандари және директордың атқарушы ассистенті Наман Джайн қатысты.
O.P. Jindal Global University - халықаралық академиялық ынтымақтастықты белсенді дамытып отырған Үндістандағы жетекші университеттердің бірі. Бүгінде университетте әлемнің 160-тан астам елінен 16 000-нан астам студент білім алады. Сонымен қатар JGU-дің серіктестік желісі әлем бойынша 600-ден астам университетті қамтиды.
Университет құрамында 12 мектеп пен 6 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Мұнда құқық, бизнес, халықаралық қатынастар, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар бағыттары бойынша заманауи білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.
JGU жоғары деңгейдегі ғылыми зерттеулерімен, халықаралық академиялық бастамаларымен және жаһандық білім беру жобаларымен кеңінен танымал. Университетте жасанды интеллект, STEM бағыттары, академиялық ұтқырлық және пәнаралық зерттеулерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ халықаралық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Тараптар студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының алмасуын жүйелі түрде дамытуға, халықаралық академиялық өзара іс-қимылды күшейтуге және ғылым мен білім беру саласындағы ортақ бастамаларды жүзеге асыруға ниетті.
Мұндай кездесулер студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, Ualikhanov University-дің халықаралық байланыстарын нығайта түседі және болашақ бірлескен жобалардың берік негізін қалыптастырады.