12 - 18 қазан аралығында Бішкек қаласында И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің базасында Ересектерге білім берудің VI апталығы өтті. Іс-шараға халықаралық сарапшы ретінде Ualikhanov University халықаралық жобаларды басқару бөлімінің менеджері, Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының (ҚКУҚ) хатшысы Мөлдір Жұмабекқызы Талпақова қатысты.
14 қазанда өткен пленарлық отырыста Мөлдір Жұмабекқызы «Күміс университет» моделі және еліміздің 15 жоғары оқу орнын біріктіретін Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының қызметі мен тәжірибесі туралы баяндама жасады.
15 қазанда ол «Формалды білім беру жүйесіндегі бейформалды білім: ересектердің өмір бойы білім алуындағы жоғары оқу орындарының рөлі» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шараны И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті, «Инновациялық технологиялар және білім беру орталығы» қоғамдық қоры және DVV International ұйымы бірлесіп ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, Германия және Орталық Азия елдерінен келген сарапшылар 45 жастан асқан азаматтарды оқытудағы университеттердің рөлін, оқытушыларды андрагогикалық даярлау, микробіліктіліктерді дамыту және бейформалды білім беру нәтижелерін тану мәселелерін талқылады. Мөлдір Жұмабекқызы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып «Күміс университет» ашылған Ualikhanov University тәжірибесімен, сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындары мен ҚКУҚ желісінің аға буын өкілдеріне арналған білім беру бағдарламаларын іске асыру тәжірибесімен бөлісті.
Аталған іс-шараға қатысу Күміс университеттердің Орталық Азия хабын дамыту және ересектерге білім беру саласындағы өңірлік әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Қырғызстандық әріптестерімізге жылы қабылдауы мен жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс білдіреміз!