2026 жылғы 15 - 17 шілде аралығында Ualikhanov University делегациясы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында және Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы - World Artificial Intelligence Conference (WAIC) қарсаңында Шанхай қаласында өткен бірқатар халықаралық іс-шараларға Қазақстанның ресми делегациясы құрамында қатысты.
Ualikhanov University қазақстандық делегация құрамында ұсынылған еліміздегі жалғыз өңірлік жоғары оқу орны болды. Бұл университеттің халықаралық білім және ғылым кеңістігіндегі беделінің артып келе жатқанын, сондай-ақ оның академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытудағы белсенді рөлін айқын көрсетеді.
15 шілдеде университет өкілдері Қытайдың жетекші зерттеу университеттерінің бірі – Shanghai Jiao Tong University оқу орнында болып, гуманитарлық және медицина ғылымдары салаларындағы ынтымақтастық, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, академиялық ұтқырлықты дамыту және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру мәселелерін талқылады.
16 шілдеде Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары, бизнес, ғылым және жоғары білім беру саласының өкілдерін тоғыстырған ауқымды қазақстандық-қытайлық форум аясында Ualikhanov University ректоры Марат Сырлыбаев Dalian Polytechnic University университетімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат ұзақ мерзімді академиялық әріптестікті дамытуға, ғылыми байланыстарды кеңейтуге, студенттер мен оқытушылар алмасуын жүзеге асыруға, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға бағытталған.
17 шілдеде университет делегациясы доктор Mei-мен жұмыс кездесуін өткізіп, ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын, академиялық алмасуларды кеңейту және халықаралық білім беру мен зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Сапар барысында жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, ғылым және жоғары білімді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Шанхай – ғылым, инновация және жоғары технологиялардың әлемдік жетекші орталықтарының бірі. Президент айқындаған жасанды интеллектті дамыту, ғылыми зерттеулерді қолдау, білікті кадрлар даярлау және халықаралық технологиялық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы басымдықтар Қазақстан мен Қытай университеттері арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Ualikhanov University үшін бұл сапар халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудегі маңызды кезең болды. Қол жеткізілген келісімдер мен қол қойылған меморандум бірлескен ғылыми зерттеулерді, қос дипломды және академиялық бағдарламаларды, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын дамытуға, сондай-ақ университеттің халықаралық білім және ғылым кеңістігіндегі позициясын одан әрі нығайтуға берік негіз қалайды.