Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Еуропалық одақтың қаржыландыруымен жүзеге асырылған «Еуропалық одақ: мәдени әртүрлілік пен толеранттылықты ілгерілету» (EUDIVE) Жан Моне модулін аяқтады. 2023 жылғы 1 қараша мен 2026 жылғы 31 қазан аралығында жүзеге асырылған жоба студенттер мен оқытушыларды мәдени әртүрлілік, толеранттылық және мәдениетаралық өзара іс-қимыл саласындағы еуропалық құндылықтармен, саясатпен және білім беру тәжірибесімен таныстыруға бағытталды.
Жобаның негізгі жетістіктерінің бірі – «Шетел тілі: екі шетел тілі» бакалавриат білім беру бағдарламасы аясында «ЕО: мәдени әртүрлілік пен толеранттылықты ілгерілету» курсының әзірленіп, оқу үдерісіне енгізілуі. Үш оқу жылы ішінде аталған курстан 510 студент өтіп, жалпы 220 сағат сабақ өткізілді. Жоба командасы студенттердің мәдени ерекшеліктерді түсінуіне және еуропалық тәсілдерді болашақ кәсіби қызметінде қолдану мүмкіндіктерін зерделеуіне бағытталған силлабус, дәріс материалдары, презентациялар мен практикалық тапсырмалар әзірледі.
Жоба жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері, зерттеушілер мен азаматтық қоғам өкілдері арасында кәсіби диалог орнатуға мүмкіндік берді. Жоба аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстел, семинар және халықаралық конференцияға 256 адам қатысып, мәдени әртүрлілік пен мәдениетаралық білім берудің еуропалық және қазақстандық тәсілдерін талқылады. 2026 жылғы 26 маусымда өткен «Мәдениетаралық білім беруді оқу үдерісіне интеграциялау: еуропалық және қазақстандық тәжірибе» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы жоба нәтижелерін таныстыру және педагогикалық тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Сонымен қатар жоба аясында болашақ ағылшын тілі мұғалімдерін даярлау бағытында білім алып жүрген 80 студенттің қатысуымен ғылыми зерттеу жүргізілді. Курс басталғанға дейін және аяқталғаннан кейін жүргізілген сауалнама нәтижелері студенттердің өзіндік бағалауы бойынша мәдени әртүрлілікті қабылдауы мен оған деген көзқарасында статистикалық тұрғыдан маңызды оң өзгерістер болғанын көрсетті. Бес балдық шкала бойынша орташа көрсеткіш 3,88-ден 4,41-ге дейін өсті. Студенттер курс мазмұнын да жоғары бағалады: жалпы қанағаттану көрсеткіші 5 балдың 4,49-ын құрады. Зерттеу нәтижелері «Қарағанды университетінің хабаршысы. Педагогика сериясы» ғылыми журналында жарияланды.
Жобаны қаржыландыру мерзімі аяқталғаннан кейін де оның нәтижелері университеттің білім беру қызметінде қолданыла береді. Әзірленген курс университеттің білім беру бағдарламасына енгізілді және алдағы жылдары да студенттерге оқытылады. Сондай-ақ әзірленген оқу материалдары жаппай ашық онлайн-курс (MOOC) құруға негіз болып, жобаның білім беру ресурстарына қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді.
EUDIVE жобасы білім беру, ғылыми-зерттеу және ағартушылық қызмет арқылы Ualikhanov University-дің оқу үдерісіне еуропалық тәжірибені енгізуге, сондай-ақ Қазақстанда мәдени әртүрлілік, толеранттылық және инклюзия мәселелері бойынша кәсіби диалогты дамытуға ықпал етті.
EUDIVE жобасы (№ 101127635) Еуропалық одақтың қаржыландыруымен жүзеге асырылды.