Бүгін М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Ualikhanov University ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Аманай Асылбайұлы Сейтқасымовтың екі монографиясының ресми тұсаукесері өтті.

Оқырман қауымға ұсынылған еңбектер – «1920-1950 жылдардағы Ақмола, Көкше - Есіл, Атбасар өңіріндегі саяси қуғын-сүргін. Тарихы. Зерттелуі. Тағылымы» және «Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі ақмолалық әскери тұтқындар тағдыры» атты монографиялар.

Бұл еңбектер – көпжылдық ғылыми ізденістің, архивтік зерттеулер мен экспедициялық жұмыстардың нәтижесі. Автор өз зерттеулерінде Ақмола өңірінің тарихындағы ең күрделі әрі тағдырлы кезеңдерді қамтып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының, ашаршылық жылдарындағы халықтың, депортацияланған ұлттардың және Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери тұтқындардың тағдырын жаңа деректер негізінде зерделеген.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, архив және кітапхана қызметкерлері, университет басшылығы мен оқытушылары, сондай -ақ студенттері қатысты.

Кездесу барысында монографиялардың ғылыми маңызы мен тарихи құндылығы жоғары бағаланып, зерттеулердің тарихи әділдікті қалпына келтіру, ұлттық жадыны сақтау және жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы рөлі ерекше атап өтілді.

Аманай Асылбайұлының еңбектері – өткеннің ақтаңдақ беттерін ашып қана қоймай, ел тарихын терең тануға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми мұра. Бұл кітаптар ғылыми қауымдастыққа, зерттеушілерге, студенттерге және туған өлкенің тарихына қызығушылық танытатын оқырмандарға құнды дереккөз болары сөзсіз.

Ualikhanov University Аманай Асылбайұлын маңызды ғылыми еңбектерінің жарық көруімен құттықтап, шығармашылық табыс, тың зерттеулер мен жаңа жетістіктер тілейді.