«Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде, ауылдық квота, «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алған мамандарды жұмысқа жолдау қағидаларына» сәйкес 2025 жылғы түлектерді дербес бөлу жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссия жұмысына академиялық мәселелер жөніндегі проректордың м.а. С.К.Мемешов, Тайынша ауданы әкімі аппаратының басшысы Е.Ж. Закирьянов, Ақмола облысының Еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Б.Т. Шәріпов, Сандықтау ауданы Владимировка кентінің мектеп директоры Б.С. Жаксыбаев, институттар, мектептердің директорлары, Еңбек ұтқырлығы орталығының мамандары, Ualikhanov University мансап және жұмысқа орналастыру орталығының қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында түлектер бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасуға арналған түрлі бағдарламалар туралы ақпарат алды.
Оқу жылы ішінде Ualikhanov University-нің мансап және жұмысқа орналастыру орталығы институттар, мектептермен бірлесіп, диалог алаңдары, "Ашық есік күндері" шеңберінде компания және ұйым өкілдерімен кездесулер, мансап күндері, экскурсиялар, шеберлік сыныптар сияқты еңбек нарығына және мансапты дамытуға арналған іс-шаралар өткізді. Облыстық білім басқармасы, Жергілікті атқарушы органдары, ұйымдармен, кәсіпорындармен, аудандық бөлімдермен және қалалық білім беру мекемелерімен, кәсіпорындармен қол қойылған Меморандумдар негізінде бос орындар туралы мәліметтер ұсынылды. Университеттің Мансап және жұмысқа орналасу орталығы "Қаржы орталығы" АҚ өкілдерінің қатысуымен жұмыспен өтеу қағидаларын түсіндіру бойынша кездесулер өткізді. Онда білім алушылар "Білім туралы" Заңына сәйкес жұмыспен міндетті өтеу қағидаларымен танысты.
2025 жылы 766 білім алушы оқуды бітіреді, олардың ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша - 317; ауылдық квота – 72; Серпін бағдарламасы бойынша - 376. Түлектер оқуын аяқтағаннан кейін берілген жолдама бойынша жұмыс орнына 1 қыркүйектен кешіктірмей келуі керек, осы сәттен бастап жұмыспен өтеу басталады. Барлық растайтын құжаттар мансап орталығына ұсынылуы керек екенін есте ұстаған жөн. Жұмысқа орналасуда сәттілік тілейміз!