2 қарашада Ualikhanov University-де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттарды талқылауға арналған кездесу өтті.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Асхат Нұрмағамбетұлы Рақымжанов, Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Сағынғанқызы Рахметуллина және Қазақстан Республикасы энергетика вице-министрі Ерлан Есенәліұлы Ақбаров қатысты.

Жиын барысында Президент Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер, еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі даму бағыттары, экономиканы цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, энергетика саласын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және адами капиталдың сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Қонақтар Мемлекет басшысы ұсынған бастамалардың маңызына тоқталып, мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары, экономикалық және әлеуметтік реформалардың жүзеге асырылуы, сондай-ақ алдағы міндеттер туралы пікірлерімен бөлісті.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері ел дамуына қатысты өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, қонақтармен пікір алмасты.

Мұндай кездесулер университет қауымдастығына елдегі маңызды қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістерді тереңірек түсінуге, мемлекеттік бастамаларды талқылауға және жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.