26 қарашада Ualikhanov University-де БҰҰ-ның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық науқаны аясында панельдік пікірталас өтті. Іс-шара Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күніне орай ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – гендерлік зорлық-зомбылықтың әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қырларын жан-жақты қарастыру, жастардың зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары мен құқықтық қорғану тетіктері туралы хабардарлығын арттыру. Кездесуге Бизнес және құқық жоғары мектебінің студенттері қатысты.

Іс-шараға құқық, әлеуметтану және психология салаларының мамандары қатысып, гендерлік зорлық-зомбылық мәселесін әр қырынан қарастырды.

Әлеуметтану магистрі, Ualikhanov University ассистент-лекторы Томирис Қапар қоғамдағы әлеуметтік нормалар мен гендерлік стереотиптердің зорлық-зомбылықтың туындауы мен таралуына әсері туралы баяндады.

Полиция подполковнигі, Ақмола облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Меруерт Бекишева зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің құқықтық қырларына тоқталып, қолданыстағы заңнама, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетіктері және заң көмегін алу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.

Университет психологі Айнаш Абитаева зорлық-зомбылықтың психологиялық салдары, абьюзивті қарым-қатынастың белгілері, жеке шекараны сақтаудың және дер кезінде маман көмегіне жүгінудің маңыздылығы туралы айтты.

Ualikhanov University зорлық-зомбылықтың алдын алуға және өзара сыйластық мәдениетін нығайтуға бағытталған халықаралық бастамаларды қолдауға ерекше мән береді. Жастармен осындай кездесулер өткізу олардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыруға, өзара құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға және қауіпсіз білім беру ортасын нығайтуға ықпал етеді.