Ualikhanov University-де Tomorrow School ашылды
Бүгін Ualikhanov University-де Tomorrow School білім беру алаңының салтанатты ашылуы өтті. Бұл - Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жасанды интеллект пен бағдарламалау бағытындағы инновациялық мектеп. Жоба ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің, Astana Hub, Tomorrow School, Alem.AI foundation және Digital Aqmola қолдауымен іске асырылуда.Аталған бастама еліміздің бірнеше өңірінде бір мезгілде 14 жоғары оқу орнында ашылып, жалпыұлттық деңгейде жүзеге асырылды. Жобаның ресми іске қосылуына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болды.
Бұл жоба цифрлық құзыреттерді дамытуға және IT мен жасанды интеллект саласында жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі саналады.
Tomorrow School - Қазақстандағы жасанды интеллект бағытындағы алғашқы мектептердің бірі. Мұнда оқу үдерісі peer-to-peer форматында өтеді, яғни қатысушылар бір-бірімен бірлесіп білім алады: топпен жұмыс істейді, өзара тәжірибе алмасады және теориядан гөрі тәжірибеге басымдық беріледі.
Білім беру бағдарламасы нақты жобаларға негізделген оқытуды, заманауи бағдарламалау тілдерін меңгеруді, сондай-ақ техникалық және икемді дағдыларды дамытуды қамтиды. Оқу мерзімі 18 айға дейін созылады және қатысушыларға жасанды интеллект инженериясы, киберқауіпсіздік немесе бағдарламалық жасақтама әзірлеу бағыттары бойынша тереңдетілген мамандану мүмкіндігі ұсынылады.
Бағдарлама икемді форматта ұйымдастырылып, тәулік бойы қолжетімді. Бұл тек студенттерге ғана емес, өңір тұрғындарына да білім алуға мүмкіндік береді.
Жоба еліміздің барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындары базасында іске асырылуда. Оның негізгі мақсаты - жастарға тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы IT-білімге тең қолжетімділік ұсыну.
Бастама академиялық ортаға заманауи білім беру форматтарын енгізуге, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай IT мамандарын даярлауға бағытталған. Сонымен қатар, жоба адами капиталды дамытуға, өңірлік IT-экожүйені қалыптастыруға және стартап бастамаларды қолдауға ықпал етеді.
Tomorrow School-дың Ualikhanov University алаңында ашылуы университеттің өңірлік инновациялар мен цифрлық құзыреттер орталығы ретіндегі рөлін күшейте түседі.
Жаңа білім беру алаңы Көкшетау қаласының жастарына жасанды интеллект пен IT саласында тәжірибеге бағытталған білім алуға, технологиялық жобаларға қатысуға және өз стартаптарын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде болашақ мамандардың кәсіби қауымдастығын қалыптастыруға жол ашады.Ualikhanov University-де Tomorrow School жобасының іске қосылуы - болашақ технологияларға бағытталған заманауи білім беру ортасын қалыптастырудағы маңызды қадам. Жоба өңір жастары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, елдің бәсекеге қабілетті кадрлық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосады.