22 - 25 маусым күндері Ualikhanov University-де Еуропалық Одақтың ең ірі ғылыми-зерттеу және инновациялық бағдарламасы Horizon Europe аясында халықаралық гранттық жобаларды әзірлеуге арналған Horizon Europe Proposal Development Bootcamp атты төрт күндік интенсив өтті.
Бағдарлама барысында қатысушылар Horizon Europe құрылымымен, Funding & Tenders Portal платформасының мүмкіндіктерімен, халықаралық консорциумдар құру тетіктерімен, гранттық өтінімдерді дайындау ерекшеліктерімен, сондай-ақ Excellence және Impact бөлімдерін әзірлеу талаптарымен танысты. Интенсив қорытындысында цифрлық білім беру, денсаулық сақтау, экология, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану және әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер бағытындағы жобалар таныстырылды.
Bootcamp спикері ретінде Айжан Самамбаева, PhD - Horizon Europe бағдарламасының Cluster 4: Digital, Industry and Space бағыты бойынша Ұлттық байланыс орталығының өкілі, еуропалық зерттеу бағдарламалары бойынша халықаралық сарапшы және халықаралық гранттар мен жобаларды әзірлеу саласында 15 жылдан астам тәжірибесі бар маман дәріс оқыды.Мұндай оқыту бағдарламасының бүгінгі таңда маңызы ерекше. Жуырда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Horizon Europe бағдарламасы бойынша Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Бұл бастама қазақстандық жоғары оқу орындарына, ғылыми ұйымдарға және технологиялық компанияларға халықаралық зерттеу консорциумдарына қатысуға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және еуропалық гранттық қаржыландыруға қол жеткізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Осыған байланысты Horizon Europe бағдарламасына қатысуға қабілетті зерттеушілерді даярлау қазіргі заманғы университеттердің маңызды басымдықтарының біріне айналып отыр. Ualikhanov University-де ұйымдастырылған Bootcamp қатысушыларға еуропалық гранттық конкурстардың талаптарын жан-жақты меңгеруге ғана емес, өз жобалық идеяларын қалыптастыруға, халықаралық серіктестерді айқындауға және болашақ гранттық өтінімдерді әзірлеудің нақты жоспарын жасауға мүмкіндік берді. Bootcamp қорытындысында ұсынылған жобалар алдағы уақытта халықаралық зерттеу консорциумдары мен Horizon Europe бағдарламасының гранттық конкурстарына қатысуға негіз болмақ.
Ualikhanov University халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып, ғалымдардың әлемдік деңгейдегі зерттеу бағдарламаларына белсенді қатысуына қолайлы жағдай жасап келеді. Horizon Europe Bootcamp өткізу – университеттің Еуропалық зерттеу кеңістігімен ықпалдастығын нығайтуға, халықаралық ғылыми әріптестікті кеңейтуге және бәсекеге қабілетті ғылыми жобаларды қалыптастыруға бағытталған тағы бір маңызды қадам болды.