2026 жылғы 23 сәуірде Ualikhanov University-де Жоғары медицина мектебінің 2026 жылғы түлектеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға Көкшетау қаласы мен Ақмола облысының медициналық ұйымдарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ өңірлік денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында жұмыс берушілер өз медициналық ұйымдарын таныстырып, еңбекке орналасу шарттары, әлеуметтік кепілдіктер мен кәсіби даму мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Түлектер тікелей сұхбаттасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға толық жауап алды.

Жәрмеңке қорытындысы бойынша бірқатар түлекке кейінгі жұмысқа орналасу үшін жолдамалар берілді. Бұл - өңірде жас мамандарға деген сұраныстың жоғары екенін айқын көрсетеді.

Іс-шараның өзектілігі өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің қарқынды дамуымен тікелей байланысты. Осыған дейін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласында салынып жатқан 630 орындық жаңа көпсалалы аурухананың құрылыс алаңына барып, жоба барысымен танысты. Аталған нысан болашақта Ақмола облысын ғана емес, бүкіл Солтүстік Қазақстан өңірін қамтитын ірі медициналық кластерге айналмақ.

Осыған байланысты білікті медициналық кадрларды даярлау мәселесінің маңызы арта түсуде. Жұмыс берушілердің айтуынша, бүгінде жас дәрігерлер үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған: тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме ақы төлеу және әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі университет пен практикалық денсаулық сақтау саласы арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігіне айналды. Ualikhanov University заманауи талаптарға сай, өңірдің сұранысына жауап беретін медициналық мамандарды даярлауды жүйелі түрде жалғастырады.

Денсаулық сақтау саласының қарқынды дамуы жағдайында медициналық білім беру бағдарламаларының түлектері әрдайым жоғары сұранысқа ие болып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқара береді.