28 - 29 қазанда Ualikhanov University-де академиялық мәселелер жөніндегі проректор Динара Сарсембайқызы Рыспаева университеттің институттары мен жоғары мектептерінің студенттерімен кездесулер өткізді.
28 қазанда кездесуге Педагогикалық институт пен Жоғары медицина мектебінің студенттері қатысса, 29 қазанда С. Сәдуақасов атындағы агротехникалық институт пен Бизнес және құқық жоғары мектебінің студенттерімен кездесу өтті.
Кездесулердің негізгі тақырыбы университеттің академиялық саясаты және студенттерге ұсынылатын білім алу мүмкіндіктері болды.Кездесу барысында Динара Рыспаева университеттің академиялық саясатының негізгі қағидаларына, оқу процесін ұйымдастыру тәртібіне, пәндерді таңдау, білімді бағалау жүйесі мен емтихандарды өткізу мәселелеріне тоқталды.
Академиялық адалдық қағидаларын сақтау, білім беру процесінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу, ғылыми жобалармен айналысу және қосымша білім беру бағдарламаларын меңгеру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар проректор студенттерге университеттің академиялық қызметтерінің жұмысы, оқу барысында туындайтын мәселелер бойынша кеңес алу және қажетті қолдауға жүгіну тәртібі туралы ақпарат берді.
Кездесулер ашық диалог форматында өтті. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды және оқу процесін ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Мұндай кездесулер студенттермен тікелей кері байланысты нығайтуға, олардың пікірлері мен ұсыныстарын ескеруге және университеттегі білім беру процесін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.