5 мамыр күні Ualikhanov University-де құқықтық мәдениет, адам құқықтары және жастардың әділетті қоғам қалыптастырудағы рөліне арналған «Жаңа Конституция - Жаңа буын» атты семинар өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Конституциясының құндылықтарын насихаттау және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған бастамалар аясында ұйымдастырылды.

Семинар ашық диалог форматында өтіп, мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының өкілдерін, сарапшылар қауымын және университет студенттерін біріктірді.

Іс-шараны Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досулан Айтбаев пен университет ректоры Марат Сырлыбаев құттықтау сөзбен ашты. Семинар спикерлері қатарында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың басшысы Динара Тәженова, Ақмола облысы прокурорының орынбасары Ерболат Жүсіп, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Гүлнара Жанбекова, Ақмола облысы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Нұрсұлтан Алдашев, Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бастығының орынбасары Алмас Баймурзин және Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Дархан Мурзабеков болды.

Кездесу барысында студенттерге жаңа Конституцияның маңызы, оның негізгі қағидаттары мен адам құқықтарын қорғау саласындағы мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді. Әсіресе заң үстемдігі, адам қадір-қасиеті, өмір сүру құқығы және жеке деректерді қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың басшысы Динара Тәженова мұндай кездесулер адам құқықтарының маңызын түсінетін, құқықтық сауатты әрі жауапты жастарды қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Семинар барысында студенттер сарапшыларға сұрақ қойып, өз пікірлерімен еркін бөлісті. Қатысушылар Конституцияның қоғамдағы рөлі, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Прокуратура өкілдері жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру құқықбұзушылықтың алдын алуда және заңға құрметті нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Кездесу тек ақпарат алмасу алаңы ғана емес, саналы, белсенді әрі құқықтық мәдениеті жоғары жас буынды қалыптастыруға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.