Ualikhanov University-де AI Sana ұлттық бағдарламасы аясында жасанды интеллектке негізделген жобалар байқауы өтті. Байқауда студенттерді, жас зерттеушілерді, оқытушылар мен әзірлеушілерді біріктірген 16 команда өз жобаларын сарапшылар алдында таныстырды.
Қатысушылар білім беру, ғылым, бизнес, агроөнеркәсіптік кешен және студенттік өмірді цифрлық трансформациялауға бағытталған инновациялық шешімдерін ұсынды. Жобалар қатарында университет инфрақұрылымын басқарудың интеллектуалды жүйелері, студенттерді жұмысқа орналастыру платформалары, деректерді талдауға арналған AI-сервистер, логистика мен аграрлық секторға арналған цифрлық шешімдер, сондай-ақ жаңа буын білім беру платформалары болды.
Әр команда жасанды интеллект технологияларын нақты мәселелерді шешуге қолданудың өзіндік тәсілін ұсынып, жобаларының практикалық маңыздылығы мен даму әлеуетін көрсетті.
Байқау университеттегі инновациялық бастамаларды қолдауға, тәжірибе алмасуға және AI-технологиялар саласындағы жаңа идеяларды дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.Қазіргі уақытта жобаларды сарапшылар алқасы бағалауда.
Байқау нәтижелері мен жеңімпаздар кейінірек жарияланады.Барлық қатысушылар мен ғылыми жетекшілерге белсенділігі, креативтілігі және Ualikhanov University-дің AI экожүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғысымызды білдіреміз!