Бүгін Ualikhanov University базасында лингвистика, психолингвистика, нейролингвистика және клиникалық лингвистика салаларына қызығушылық танытатын оқытушыларды, зерттеушілерді, жас ғалымдар мен мамандарды біріктірген халықаралық біліктілікті арттыру жазғы мектебі өз жұмысын бастады.
Халықаралық жазғы мектепті Ualikhanov University-дің ғылым және өңірмен өзара іс-қимыл жөніндегі проректоры Айгүл Досжанқызы Жақыпова ашты. Өз сөзінде ол халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытудың, тәжірибе алмасудың және лингвистика саласындағы жаңа зерттеу бағыттарын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Жазғы мектепке Ualikhanov University зерттеушілерімен қатар еліміздің басқа жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарының өкілдері де бас қосты. 2026 жылғы 8 - 13 маусым аралығында өтетін мектеп аясында қатысушылар мұра тілдері, эксперименттік лингвистика және клиникалық лингвистиканың заманауи бағыттарына арналған білім беру модульдерінен өтеді
Жазғы мектепке әлемге танымал лингвист ғалымдар шақырылды.
Олардың қатарында Мэриленд университетінің (АҚШ) профессоры, билингвизм, көптілділік және мұра тілдері саласындағы жетекші мамандардың бірі Мария Полински; филология ғылымдарының докторы, профессор, нейролингвист, Ресей Ұлттық зерттеу университеті «Жоғары экономика мектебінің» Тіл және ми орталығының директоры, нейролингвистика мен психолингвистика саласының танымал зерттеушісі Ольга Драгой; сондай-ақ Бар-Илан университетінің (Израиль) ағылшын әдебиеті және лингвистика кафедрасының профессоры, PhD, билингвизм мен клиникалық лингвистика бойынша белгілі ғалым Наталия Меир бар.
Бағдарлама аясында қатысушылар мұра тілдерін, эксперименттік, психолингвистикалық, нейролингвистикалық және клиникалық зерттеулердің заманауи әдістерімен танысып, әлемдік лингвистика ғылымының өзекті үрдістерін талқылайды.
Лингвистикалық зерттеулер Ualikhanov University-де қарқынды дамып келе жатқан ғылыми бағыттардың бірі болып табылады. Университет ғалымдары тілдік үдерістерді, билингвизмді, көптілділікті және тілдік дамуды зерттеуге арналған іргелі және қолданбалы ғылыми жобаларды жүзеге асыруда.
Осындай халықаралық жазғы мектептердің өткізілуі ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық байланыстарды кеңейтуге және Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де сұранысқа ие жаңа зерттеу бастамаларының қалыптасуына ықпал етеді.
Жазғы мектеп қатысушылары мен спикерлеріне нәтижелі жұмыс, мазмұнды ғылыми пікірталастар, жаңа кәсіби байланыстар және тың ғылыми идеялар тілейміз!