Бүгін Ualikhanov University-де «Билингвизм, мультилингвизм және клиникалық лингвистика: зерттеудің заманауи әдістері» атты халықаралық біліктілікті арттыру жазғы мектебінің салтанатты жабылу рәсімі өтіп, бағдарламаны сәтті аяқтаған қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Іс-шара барысында әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Ардақ Қапышев қатысушыларға белсенділігі мен білімге деген ұмтылысы үшін алғыс айтып, дәрістер, семинарлар мен ғылыми консультациялар өткізген профессорларға ерекше ризашылығын білдірді.
Университет арнайы шақырылған халықаралық сарапшылар - Мэриленд университетінің (АҚШ) профессоры Мария Полинскиге, Ұлттық зерттеу университеті «Жоғары экономика мектебінің» (Ресей) профессоры Ольга Драгойға және Бар-Илан университетінің (Израиль) профессоры Наталия Меирге жоғары деңгейдегі дәрістері мен құнды тәжірибесі үшін ерекше алғыс білдіреді.
Жазғы мектеп өз жұмысында тек академиялық білім алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа кәсіби байланыстар орнатуға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және нетворкингті дамытуға мүмкіндік берген маңызды ортаға айналды. Қатысушылар әлемдік деңгейдегі ғалымдармен пікір алмасып, лингвистика, психолингвистика, нейролингвистика және клиникалық лингвистика салаларындағы заманауи зерттеу бағыттарымен танысты.
Ualikhanov University жазғы мектептің жұмысына атсалысқан барлық қатысушыларға, оқытушыларға және ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдіреді. Алдағы уақытта да қалыптасқан ғылыми байланыстар жалғасып, жаңа бірлескен жобалар мен халықаралық серіктестіктердің негізіне айналады деп сенеміз. Баршаңызға шығармашылық табыс, ғылыми жетістіктер және жаңа белестер тілейміз!