Ualikhanov University-де AI SANA ұлттық білім беру бағдарламасының екінші кезеңіне іріктеу аяқталды. Тестілеу нәтижесі бойынша студенттердің 86%-ы сәтті өтіп, 2684 студент бағдарламаның келесі кезеңінде білімін жалғастырады.

Бағдарламаның екінші кезеңі студенттердің білімін тереңдетуге бағытталған. Бұл кезеңде қатысушылар жасанды интеллект негіздері, кәсіпкерлікке кіріспе, заманауи трендтер мен кейстерге шолу, дизайн-ойлау бағыттары бойынша білім алады.

Айта кетейік, бағдарламаның бірінші кезеңінде университеттің 7764 студенті жасанды интеллект бойынша базалық курстардан өтіп, Huawei, Coursera және Astana Hub платформалары негізінде заманауи цифрлық технологиялар саласында іргелі білім алды.

AI SANA – студенттер мен оқытушылардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға бағытталған ұлттық бағдарлама. Бағдарламаның басты мақсаты – жасанды интеллект технологияларын меңгерген, түрлі салаларда инновациялық шешімдер ұсына алатын жаңа буын мамандарын қалыптастыру.

Екінші кезеңде қатысушыларды тереңдетілген оқу және жасанды интеллект саласындағы практикалық жобалармен жұмыс күтуде.

Студенттерімізге бағдарламаның келесі кезеңін сәтті өтіп, цифрлық технологиялар саласында жаңа жетістіктерге жетулеріне тілектеспіз.

AI SANA бағдарламасы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, жасанды интеллект пен кәсіпкерлік саласында білімді мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған.

Бағдарлама туралы толық ақпаратты https://aisana.gov.kz ресми сайтынан алуға болады.