Executive MBA (EMBA) магистратурасының 7М04107 «Корпоративтік менеджмент» білім беру бағдарламасын аяқтаған түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті. Диплом тапсыру рәсімінде ғылыми жұмыс және өңірмен өзара әрекеттесу жөніндегі проректор Айгүл Досжанқызы Жақыпова түлектерді құттықтады. Ол елімізде ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтіп, түлектерге кәсіби қызметінде табыс тіледі.
Бұл – Ualikhanov University-дің бір жылдық EMBA бағдарламасын аяқтаған түлектердің екінші легі. Бір жыл ішінде олар компанияның даму стратегиясын әзірлеу, жобаларды басқару және қаржылық тәуекелдерді бағалау әдістерін меңгерді. Бизнесті цифрландыру мен киберқауіпсіздік мәселелерін де зерделеді.
Бағдарлама басшыларға, кәсіпкерлерге және басқару тәжірибесі бар мамандарға жұмыстан қол үзбей білім алуға мүмкіндік береді. Университет оқытушыларымен қатар сабақ жүргізетін сала мамандары мен бизнес-тренерлер басқару тәжірибесімен бөліседі. Оқу барысында магистранттар бизнес-жоспар құрудан бастап ұжымдағы келіспеушіліктерді шешуге дейінгі басшының күнделікті жұмысында кездесетін міндеттерді қарастырады.
Құрметті түлектер, дипломдарыңыз құтты болсын! Алған білімдеріңіз бен жинаған тәжірибелеріңіз жаңа табыстарға жеткізсін. Бастамаларыңыз ел игілігіне жарап, еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер!