24 қыркүйекте С. Сәдуақасов атындағы Агротехникалық институттың «Машина жасау технологиясы» және «BIM-жобалау» білім беру бағдарламаларының 3 - 4 курс студенттері BI Group компаниясының HR-менеджерлерімен кездесті. Кездесу Ualikhanov University мансап орталығының қолдауымен қонақ дәрістер циклі аясында ұйымдастырылды.
Компания өкілдері Салтанат Кумарова мен Екатерина Дмитриева студенттерді BI Group қызметімен, жүзеге асырылып жатқан жобалармен және негізгі жұмыс бағыттарымен таныстырып, жас мамандардың компанияда кәсіби дамуына жасалған мүмкіндіктер туралы айтып берді.
Сондай-ақ BI Group өкілдері студенттерді өндірістік практика кезеңінде компанияда ақылы тағылымдамадан өту мүмкіндіктерімен таныстырды. Бағдарламаға қатысу үшін бірнеше кезеңнен тұратын конкурстық іріктеуден өту қажет.
Үміткерлер 2026 жылғы 20 желтоқсанға дейін компанияның ақпараттық материалдарында көрсетілген QR-код арқылы тіркеліп, сауалнаманы толтыруы, тестілеуден және BI Group сарапшыларымен сұхбаттан өтуі тиіс.
Кездесу барысында HR-менеджерлер компанияның жас мамандардың қандай кәсіби және тұлғалық құзыреттеріне мән беретінін, үміткерлерді іріктеу кезінде қандай талаптар ескерілетінін және студенттердің еңбек нарығына шығуға оқу кезеңінен бастап қалай дайындала алатынын түсіндірді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер компания өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби кеңестер алды, сондай-ақ тағылымдамадан өту және болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.
Ualikhanov University Мансап орталығы жұмыс берушілермен ынтымақтастықты дамытуды жалғастырып, студенттердің кәсіби дамуына, практикалық тәжірибе жинақтауына және оқу кезеңінен бастап еңбек жолына дайындалуына мүмкіндік жасауда.