Ualikhanov University-ге Германия Федеративтік Республикасының делегациясы ресми сапармен келді
15 мамыр күні Ualikhanov University-ге иммигранттар мен аз ұлттар істері жөніндегі Федералдық үкіметтің уәкілі, доктор Бернд Фабрициус бастаған Германия Федеративтік Республикасының өкілді делегациясы келді.
Делегация құрамында Германия Федералдық ішкі істер министрлігінің, Германияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің, Гёте-Институттың, Халықаралық қатынастар институтының (ifa), Шетелдегі этникалық немістерді қолдау қорының өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйым мүшелері болды.
Сапар аясында университет басшылығымен, студенттермен және жалпы тіл білімі және әдебиеті кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өтті. Аталған кафедра базасында неміс тілі мамандарын даярлау жүзеге асырылады. Сонымен қатар, кездесуге қала мектептерінің мұғалімдері, «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының неміс бөлімі түлектері, сондай-ақ университеттің оқытушылары мен қызметкерлері қатысты.
Жалпы тіл білімі және әдебиеті кафедрасының қызметі туралы кафедра меңгерушісі, профессор Байманова Л.С., кафедра лекторы Столяренко Н.Ю. және Грищенко Д.В. баяндама жасады.
Кездесу барысында тараптар халықаралық ынтымақтастықты дамыту, неміс тілін қолдау және насихаттау, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, мәдени-білім беру жобалары және Қазақстан мен Германия арасындағы білім беру ұйымдарының өзара байланысын кеңейту мәселелерін талқылады.
Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Е.А. Рахымжанов пен экономика ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор А.С. Бельгибаева өз баяндамаларында Ualikhanov University-дің Германия университеттерімен халықаралық байланыстар, академиялық ұтқырлық, неміс тілін дамыту және бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары бағытында белсенді жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті.
Неміс делегациясының сапары ғылым, білім және мәдениетаралық байланыстар саласындағы қазақстандық-германиялық ынтымақтастықты нығайтуға арналған жоғары деңгейдегі маңызды халықаралық диалог алаңына айналды.
Германия Федеративтік Үкіметі, салалық министрліктер мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуы Қазақстан мен Германия арасындағы академиялық және гуманитарлық байланыстардың маңыздылығын және өзара сенімнің жоғары деңгейін көрсетті.