2026 жылғы 14 - 15 маусым күндері Индонезия Республикасының астанасы Джакарта қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен алғаш рет Study in Kazakhstan халықаралық білім беру көрмесі және Қазақстан мен Индонезия жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының І форумы өтті. Аталған іс-шараларға Ualikhanov University делегациясы қатысты.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Индонезиядағы Елшілігі мен Индонезия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Көрме Джакарта қаласындағы Gandhi Memorial Intercontinental School халықаралық мектебінің базасында өтті.

Көрме барысында Ualikhanov University-дің білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу әлеуеті, халықаралық серіктестіктері мен студенттік өмірі таныстырылып, мектеп оқушыларымен, олардың ата-аналарымен және білім беру қауымдастығының өкілдерімен кездесулер өткізілді.

Сонымен қатар, делегация Multimedia Nusantara University базасында өткен жоғары оқу орындары форумына қатысып, академиялық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және академиялық ұтқырлықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Сапар аясында Ualikhanov University ректоры Марат Қадырұлы Сырлыбаев President University және Multimedia Nusantara University университеттерімен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Аталған құжаттар академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Келісімдер студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын кеңейтуге, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ Data Science, журналистика, құқық және бизнес бағыттары бойынша білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Study in Kazakhstan халықаралық көрмесі қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға және университеттер арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған маңызды алаң болып табылады. Ualikhanov University осы бастама аясында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, жаңа серіктестер тарту, академиялық ұтқырлық пен бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамыту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береді.