Ualikhanov University-дің ShoqanTandau командасы Астана қаласында өткен HackAlem AI 2026 хакатонында «Логистика» бағыты бойынша II орын иеленді.

Биылғы хакатонда жасанды интеллект негізіндегі мыңнан астам шешім бағаланып, олардың арасынан 60 жоба ғана финалға жолдама алды. Осындай жоғары бәсекелестік жағдайында университет командасы үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі орынға қол жеткізді.

ShoqanTandau командасының құрамында университет оқытушылары Тамирлан Жанадилов пен Аңсаған Қабдолла, сондай-ақ студент Амандық Ауесханұлы бар.

Хакатон барысында команда «Электрокомплект» компаниясының нақты өндірістік міндетін шешуге бағытталған жасанды интеллект жүйесін әзірледі. Жоба жеткізушілерге тапсырыс беру процесін автоматтандыруға арналған. Ұсынылған шешім қоймадағы тауар қалдықтары мен сұранысты талдап, қажетті тауарларға тапсырыс беруді тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Бұл жоба жасанды интеллект технологияларын нақты бизнес-процестерге енгізу және өндірістік міндеттерді шешу бағытындағы практикалық мүмкіндіктерді көрсетті.

Биыл HackAlem AI 2026 хакатонына Ualikhanov University атынан 27 қатысушы қатысты. Олар жасанды интеллект негізіндегі өз шешімдерін ұсынып, жобаларын сарапшылар алдында таныстыруға, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.

Ualikhanov University ShoqanTandau командасын жүлделі II орын иеленуімен құттықтайды! Сондай-ақ хакатонға қатысып, өз жобаларын ұсынған барлық командаларға алғыс білдіріп, алдағы уақытта жаңа жетістіктер мен табысты жобалар тілейді.