Еңбек нарығының қарқынды өзгеруі жағдайында нақты кәсіби дағдылар мен құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған қысқа мерзімді білім беру бағдарламалары – микробіліктіліктердің (micro-credentials) маңызы артып келеді. «Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» КеАҚ-да 2025 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің №319 бұйрығына сәйкес «Микробіліктілік білім беру бағдарламаларын әзірлеу және оларды тану тәртібі туралы ереже» әзірленіп, бекітілді. Аталған құжат микробіліктілік бағдарламаларын әзірлеу рәсімдерін, сапа стандарттарын және оларды тану тетіктерін реттейді. Оқу нәтижелері бойынша тыңдаушыларға нақты дағдыларды меңгергенін растайтын сертификаттар немесе цифрлық бейдждер беріледі.

Қазақстанда микробіліктіліктер еңбек нарығындағы жедел өзгерістерге, өмір бойы білім алу (lifelong learning) қағидаттарының дамуына, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылдың күшеюіне байланысты ерекше сұранысқа ие болуда. Олардың негізгі артықшылықтары – ықшамдылығы, практикалық бағыттылығы және икемділігі. Бұл білім алушыларға қысқа мерзім ішінде сұранысқа ие құзыреттерді игеруге, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жеке білім беру траекторияларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта университетте 12 микробіліктілік білім беру бағдарламасы әзірленген: «STEM-педагог», «Педагог-ассистент», «Тәлімгер», «Туризм нұсқаушысы», «Кадр мәселелері бойынша заң кеңесшісі», «Кәсіптік бағдар беруші педагог», «Тұқым себу апробаторы», «Сынама алушы», «Цифрлық жоба менеджері», «Маркшейдер», «Тракторшы-машинист», «1С бағдарламашысы». Барлық бағдарламалар өңірдің салалық ұйымдарымен және жұмыс берушілерімен бірлесе жүзеге асырылып, олардың тәжірибелік бағыттылығын қамтамасыз етеді.

2026 жылы 20 тыңдаушының қатысуымен «STEM-педагог» бағдарламасы іске асырылды. Қазіргі уақытта «Кадр мәселелері бойынша заң кеңесшісі» бағдарламасы бойынша оқу жалғасуда, оған «Құқықтану» мамандығының 2–3 курсынан 13 студент қатысуда.

2025 жылдың қараша айында университетте бизнес өкілдерінің қатысуымен «WorkTech өңірлік кластері: Ақмола облысының инновациялық экономикасына арналған кадрлар» тақырыбында конференция өткізілді. Іс-шара нәтижесінде университет пен бірқатар ұйымдар арасында әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылды. Олардың қатарында «Алғабас» оқу-консультациялық орталығы» ЖМ, Ақмола облысының туризм және демалыс индустриясы қауымдастығы, «Асыл Арман» ЖШС, «Altyntau Kokshetau» АҚ, «Зерновая индустрия-Астана» ЖШС, Wyndham, «BURABAY HOTEL MANAGEMENT» ЖШС және басқа да ұйымдар бар. Бұл білім алушылардың практикалық даярлығын кеңейтіп, микробіліктілік бағдарламаларын іске асыру тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Университетте микробіліктіліктерді дамыту жұмыстары жалғасуда және еңбек нарығының заманауи талаптарына жауап беретін бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған.