Ualikhanov University-дің «Тұлпар» спорттық-сауықтыру кешенінің базасында Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының (ҚКУҚ) алғашқы Жазғы мектебі өз жұмысын табысты қорытындылады. Жоба еліміздің әр өңірінен келген қатысушыларды бір білім беру және тәжірибе алмасу алаңына біріктіріп, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және аға буын өкілдеріне арналған бейресми білім беру тәжірибесін дамытуға ықпал етті.
Апта бойы тыңдаушылар жүзу, садақ ату, йога, ұлттық ойындар, қазақ тілі, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік бағыттары бойынша жаңа білім мен практикалық дағдыларды меңгерді. Сонымен қатар бағдарлама аясында күнделікті сауықтыру жаттығулары, Зеренді қарағайлы орманындағы серуендер, Үлгілі сарқырамасына және «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне экскурсиялар, спорттық және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жазғы мектеп өмір бойы білім алу қағидатын ілгерілетуге, тәжірибе алмасуға және белсенді ұзақ өмір сүру мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Сондай-ақ бұл бастама Қазақстандағы Күміс университеттердің өзара байланысын күшейтіп, олардың қызметін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
Бағдарламаның қорытындысы ретінде қатысушылар, оқытушылар мен ұйымдастырушылар бас қосқан достық кездесу өтті. Тыңдаушылар ұйымдастырушыларға, Жазғы мектеп оқытушыларына және «Тұлпар» спорттық-сауықтыру кешенінің ұжымына жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмысы, жайлы жағдай мен қонақжайлылығы үшін алғыстарын білдірді.
Кеш соңында Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының президенті, Ualikhanov University ректоры Марат Қадырұлы Сырлыбаевтың атынан ұсынылған мерекелік тортпен және от басындағы шай дастарқанымен қорытындыланды.
Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының алғашқы Жазғы мектебі еліміздегі аға буын азаматтарына арналған бейресми білім беру жүйесін дамытудағы маңызды қадам болды. Жинақталған тәжірибе алдағы уақытта бұл бастаманың жыл сайын өткізілетін, кәсіби ынтымақтастық пен әлеуметтік өзара іс-қимылды нығайтатын республикалық алаң ретінде тұрақты дамуына негіз қалайды.