2026 жылғы 29 маусымда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ualikhanov University Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының лекторы Букаева Анар Айтқалиқызы 8D01717 - «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақ заңгерлік дискурсының ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, философия докторы (PhD) дәрежесіне ие болды.
Диссертациялық зерттеу барысында қазақ заңгерлік дискурсының тілдік және ғылыми-әдістемелік ерекшеліктері жан-жақты талданып, оны оқыту мен ғылыми зерттеуді жетілдіруге бағытталған маңызды ғылыми нәтижелер ұсынылды. Бұл зерттеу қазақ тіл білімі мен құқықтық лингвистика саласының дамуына елеулі үлес қосатын ғылыми еңбек болып табылады.
Ғылыми жетекшісі - филология ғылымдарының докторы, доцент, профессор м.а. Сыздықова Гүлбаршын Оралбекқызы, ал шетелдік ғылыми кеңесшісі - Памуккале университетінің (Түркия) профессоры, PhD Нергиз Бирай. Ғылыми жетекшілеріне кәсіби қолдауы мен ғылыми жетекшілігі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.
Анар Айтқалиқызын философия докторы (PhD) дәрежесін сәтті қорғауымен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл жетістік - ғылымға деген адалдықтың, тынымсыз ізденістің, кәсіби біліктілік пен қажырлы еңбектің жарқын нәтижесі. Алдағы уақытта ғылыми жолыңыз жемісті болып, жаңа зерттеулеріңіз бен тың жобаларыңыздың табысты жүзеге асуына тілектеспіз. Ualikhanov University ғылыми қауымдастығы жаңа PhD иегерлерімен толығып, еліміздің ғылымы мен жоғары білімінің дамуына үлес қосып жүрген ғалымдарымен мақтанады.