Мария Полински - философия докторы (PhD), АҚШ-тағы Мэриленд университетінің лингвистика кафедрасының профессоры, билингвизм, мұра тілдері және көптілділік саласындағы әлемге танымал жетекші ғалымдардың бірі. Оның ғылыми зерттеулері тілдік даму, мұра тілдерін сақтау, код ауыстыру құбылысы және қостілділіктің когнитивтік аспектілеріне арналған. Көптеген ғылыми жарияланымдар мен халықаралық зерттеу жобаларының авторы.

Ualikhanov University-де өткен Халықаралық жазғы мектеп аясында Мария Полински мұра тілдері, тілдік интуиция, көптілділік және әлемдегі тілдік әртүрлілікті сақтаудың заманауи сын-қатерлері туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Қазақстанда көптеген адамдар бала кезінен қазақ және орыс тілдерін қатар қолданып, қостілді ортада өседі. Соңғы жылдары жастар арасында ағылшын тілін меңгеруге қызығушылық та артып келеді. Осындай тілдік тәжірибенің ерекшелігі неде?

Ең алдымен, қазақ және орыс тілдері типологиялық тұрғыдан бір-бірінен едәуір ерекшеленетін тілдер екенін атап өткен жөн. Олар әртүрлі тілдік отбасыларға жатады және құрылымы да өзгеше. Егер адам екі тілді бірдей деңгейде меңгерсе, оның сөйлеу барысында бұл тілдерді араластырып қолданатынын жиі байқауға болады. Ал мұндай құбылыс лингвистикада код ауыстыру деп аталады.

Бұрын сөйлеу барысында тілдерді араластыру дұрыс емес құбылыс ретінде қабылданатын. Қазір біз бұған басқаша қараймыз. Адамның сөйлеу кезінде бірнеше тілді қатар қолдануы – сау билингвизмнің белгісі. Бұл екі тілдік жүйенің де бір мезетте белсенді жұмыс істеп тұрғанын және адамның қажет сөзді кез келген тілден лезде таңдай алатынын көрсетеді.

Бүгінде код ауыстыруға қатысты зерттеулердің басым бөлігі бір-біріне жақын тілдер негізінде жүргізіледі. Мысалы, ағылшын мен испан немесе испан мен каталан тілдерінің өзара ықпалы кеңінен зерттелген. Бұл тілдердің ұқсастығы көп болғандықтан, олардың өзара әрекеттесу ерекшеліктері де жақсы белгілі.Ал қазақ және орыс тілдері әртүрлі тілдік отбасыларға жатады әрі құрылымы жағынан айтарлықтай ерекшеленеді. Сондықтан бұл екі тілдің қатар қолданылуы мен өзара ықпалы лингвистикалық зерттеулер үшін ерекше құнды ғылыми материал болып табылады.

Сіздің зерттеулеріңіз мұра тілдеріне арналған. Отбасында ұрпақтан ұрпаққа берілетін тілді сақтаудың маңызы неде?

Шын мәнінде, әрбір тіл - өте күрделі жүйе. Кез келген тілді сақтау маңызды, өйткені тіл - халықтың мәдениеті мен дүниетанымына бастайтын жол. Тіл жоғалса, біз этнографиялық деректерден, фольклордан, дәстүрлі әндер мен мәдени мұраның басқа да маңызды элементтерінен айырылып қалуымыз мүмкін. Ал тіл сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырса, оның табиғи дамуы мен өмір сүруі де қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар мұра тілдері көбіне аға буын өкілдерінің негізгі қарым-қатынас тілі болып келеді. Кей жағдайда олар өз ортасындағы басым тілде еркін сөйлей бермеуі мүмкін. Егер олардың балалары мен немерелері де сол тілде сөйлесе алса, бұл ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, түрлі буын өкілдерінің өзара түсіністігі мен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл да өте маңызды.

Көпшілік уақыт өте келе тіл өзгеріп, өзінің «таза қалпын» жоғалтады деп алаңдайды. Бұдан қорқу керек пе?

Кез келген тіл өзгереді. Бүгінгі қазақ тілі жүз немесе екі жүз жыл бұрынғы қазақ тілінен өзгеше. Дәл осындай үдеріс орыс, ағылшын және әлемдегі барлық тілдерде болған.Әр тілдің болашағы сол тілде сөйлейтін жаңа буынмен бірге қалыптасады. Шын мәнінде, таңдау көп емес: не заман талабына сай өзгерген қазіргі қазақ тілі болады, не ол мүлде қолданыстан шығып қалуы мүмкін. Сондықтан ең бастысы - адамдардың өз тілінде сөйлей беруі.Тілдің өзгеруі – оның тірі екенінің белгісі. Лингвист ретінде айтарым, тілдегі өзгерістерден қорқудың да, оларға қарсы тұрудың да қажеті жоқ. Ұнасын, ұнамасын, тіл бәрібір өзгеріп отырады.

Отбасылық мұра тілі адамға қандай артықшылықтар береді?

Бұл, ең алдымен, нақты тілдің өзіне байланысты. Біріншіден, бұл - отбасының тілі. Ол ұрпақтар арасындағы байланысты сақтауға, туыстармен еркін қарым-қатынас жасауға және адамның белгілі бір мәдениет пен қауымдастыққа тиесілі екенін сезінуіне көмектеседі.

Екіншіден, қазақ тілін түркі әлеміне апарар кілт деуге болады. Қазақ тілін меңгерген адамға түрік тілін және басқа да туыстас тілдерді үйрену әлдеқайда жеңіл. Сонымен қатар бұл өзге түркі тілдерінде сөйлейтін халықтармен еркін араласуға және өзара байланыс орнатуға кең мүмкіндік береді.

Мәселен, қазақ тілін білу оның күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын өңірлерде жұмыс істеуде, сондай-ақ түркітілдес елдермен кәсіби және мәдени байланыс орнатуда пайдалы болуы мүмкін. Жалпы алғанда, отбасының тілі - адамның мақтан тұта алатын тілі.

Зерттеулеріңізде адамның тілді шектеулі деңгейде меңгерсе де, тілдік интуициясын сақтай алатынын көрсетесіз. Қазіргі лингвистика бұл құбылысты қалай түсіндіреді?

Тілдік интуиция адамда ең ерте балалық шақтан бастап қалыптасады, тіпті ол сөйлей бастағанға дейін пайда болады. Егер тіл 5 - 7 жастан кейін үйренілсе, мұндай интуицияны дамыту өте қиын. Ол көбіне сол тілді бала кезінен естіп немесе қолданып өскен адамдарға тән қасиет.

Тіпті басым тіл болып саналмайтын тілдегі тілдік интуицияның өзі адамға сол тілде ойлауға және оны өзінің негізгі тілімен салыстыруға мүмкіндік береді.Мысалы, қазақ-орыс билингвтерін алсақ, олардың миы қазақ және орыс тілдерінің құрылымын үнемі салыстырып отырады. Олар екі тілдің арасындағы айырмашылықтарды жақсы байқайды және көп жағдайда тілдің қалай құрылғанын ережелер арқылы түсіндіре алмаса да, оны интуитивті түрде сезінеді. Дәл осы айырмашылықтарды түсіну адамның тілдің ішкі құрылымын тереңірек тануына мүмкіндік береді. Тілдік интуицияның құндылығы да осында. Мұндай қабілетті ересек жаста қалыптастыру өте қиын.

Адам тілді жақсы меңгергеннің өзінде, бұрын кездестірмеген жаңа сөйлемдер мен құрылымдарға қатысты күмәндануы мүмкін. Ал тілмен ерте жастан танысу мұндай интуицияның табиғи түрде қалыптасуына жағдай жасайды.

Тілдік интуицияның тағы бір маңызды артықшылығы – оның когнитивтік кеңістігімізді кеңейтуінде. Біз көбірек тілдік және танымдық құбылыстарды салыстыра аламыз, ал бұл өз кезегінде ойлау икемділігінің дамуына ықпал етеді.

Бала кезінде тілді естіп өскенімен, бүгінде ол тілде еркін сөйлей алмайтын адам оны ересек жаста қайта меңгере ала ма?

Иә, егер бұл тіл оның өмірінде бала кезінен болған болса. Мұра тілі дегеніміз – адамның бала күнінен естіп өскен тілі.

Ал егер адамның қазақтан шыққан тегі болғанымен, мысалы, Мәскеуде өсіп, үйінде ешқашан қазақ тілін естімесе, онда ол қазақ тілін ересек жаста үйрене бастағанда, оны тілді нөлден меңгеріп жатқан кез келген орыстілді адамнан ерекшелендіретін артықшылық болмайды.

Басқаша жағдай - адам қазақ отбасында өссе немесе отбасы мүшелерінің кем дегенде бірі қазақ тілінде сөйлеген болса. Өзі бұл тілде белсенді сөйлеспесе де, оны бала кезінен естіп өссе, кейін ересек шағында тілді қайта меңгере алады. Қазіргі таңда мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Бала кезінде ата-әжесінен ана тілін естіп өскен көптеген адамдар есейген соң оны саналы түрде қайта үйренуге кірісіп жатады. Мұндай адамдардың белгілі бір артықшылықтары болады. Әдетте олардың дыбыстауы әлдеқайда дұрыс келеді және жалпы сөйлеу мәнері бала кезінде бұл тілді мүлде естімей, тек ересек жаста үйрене бастаған адамдарға қарағанда табиғи естіледі.

Бүгінде әлемде мұра тілдерін сақтаудағы ең үлкен сын-қатер қандай? Жас ұрпақтың өз тілдік мұрасымен байланысын сақтауға қандай тәсілдер шынымен көмектеседі?

Меніңше, ең үлкен сын-қатер - әрбір тілдің экономикалық және әлеуметтік мәртебесі. Егер мұра тілінің күнделікті өмірде немесе кәсіби қызметте нақты қолданылу аясы болса, адамдар оны сақтауға әлдеқайда көбірек ұмтылады. Ал егер ол тек өткен шақпен байланысты естеліктердің символына айналып, қазіргі өмірде қолданылмаса, мұндай тіл біртіндеп қолданыстан шығып қалуы мүмкін.

Тілді сақтауға деген ең күшті ынта әрдайым сол тілде сөйлейтін адамдардың өзінен және тарихи тұрғыдан сол тіл кең таралған қоғамнан бастау алады. Егер саясаткерлер, лингвистер немесе әлеуметтанушылар сырттан келіп: «Өз тіліңізді үйреніңіздер», – деп үндеу тастаса, оның нәтижесі көп жағдайда мардымсыз болады. Егер қоғамның өз ішінде тілге деген қызығушылық болмаса, оны сақтау өте қиын.Менің тәжірибемде мұра тілдері олардың иелері өздері сақтағысы келген жағдайда ғана өміршең болады. Мұндай ниеттің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Кейде ол экономикалық факторларға байланысты болса, енді бірде мәдени немесе қоғамдық үдерістермен сабақтасады.

Мысалы, Азия мен Орталық Американың кейбір елдерінде дәстүрлі өмір салты мен табиғи ортаны сақтауға деген ұмтылыс тілдің қайта жаңғыруына ықпал етті. Ал басқа жағдайларда ұлттық бірегейлікті нығайту маңызды рөл атқарады.

Бұған баск тілі жақсы мысал бола алады. Франко режимі кезінде бұл тілдің қолданылуына шектеу қойылды. Кейін тыйым алынған соң адамдар оны күнделікті өмірге қайта енгізуге өздері ұмтылды. Бірнеше ұрпақ бойы баск тілі негізінен ауылдық жерлерде сақталып келді. Кейін адамдар өз тамырларына қайта оралып, ата-әжелерінің тілін қайта үйрене бастады. Әрине, қазіргі баск тілі бұрынғыдан өзгеше, бірақ, бейнелеп айтқанда, ол Феникс құсы секілді қайта түлеп, жаңа өмірге жол ашты.

Сонымен қатар барлық тілді сақтап қалу мүмкін емес екенін де түсінуіміз керек. Ғылым тұрғысынан алғанда, бүгінге дейін сақталған тілдерді құжаттап, жазып алып отыру өте маңызды. Өйткені олардың кейбірі алдағы уақытта мүлде жойылып кетуі мүмкін.

Тағы бір маңызды мәселе – мұра тілдерін оқыту мен қолдауға арналған сапалы материалдардың жетіспеуі. Ірі тілдер үшін оқулықтар, көркем әдебиет және түрлі білім беру ресурстары жеткілікті болса, шағын тілдерде мұндай мүмкіндік көбіне шектеулі. Мұндай материалдарды әзірлеу үшін қаржы ғана емес, оған күш-жігерін арнауға дайын ғалымдар, әдебиеттанушылар, жазушылар мен педагогтар қажет.Дегенмен ең шешуші фактор өзгермейді: тілдің болашағы ең алдымен сол тілде сөйлейтін қауымның өз еркі мен ынтасына байланысты. Тілді сақтап, дамытуға деген ішкі сұраныс болғанда ғана оның болашағы баянды болады.

Егер Қазақстанда жаңа халықаралық ғылыми-зерттеу жобасын бастау мүмкіндігі болса, еліміздің көптілді ортасының қандай ерекшеліктері Сіз үшін ғылыми тұрғыдан ең қызықты болар еді?

Мен екі бағытты бөліп көрсетер едім. Біріншісі – Қазақстандағы тілдік алуандылықты және еліміздің әртүрлі өңірлерінде қазақ және орыс тілдерінің қолданылу ерекшеліктерін зерттеу. Көптілді ортасы мен сан алуан тілдік тәжірибесінің арқасында Қазақстан лингвистер үшін ерекше қызығушылық тудыратын ел.

Екінші бағыт – балалар тілін зерттеу және қазақ тіліндегі балалар сөйлеуінің ұлттық корпусын қалыптастыру. Бұл – аса маңызды жұмыс. Бүгінгі күні мұндай корпустың болашақта қандай бағыттарда пайдаланылатынын толық болжай алмасақ та, ол келешек зерттеушілер үшін баға жетпес ғылыми ресурсқа айналары сөзсіз.Мұндай корпусты жасау ұзақ уақыт пен үлкен еңбекті талап етеді. Ол үшін балалардың сөйлеуін жазып алу, жазбаларды мәтінге түсіру, материалдарды цифрландыру және арнайы ғылыми таңбалау жұмыстарын жүргізу қажет. Өзім білетін зерттеушілер бұл бағытта қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр: балалардың сөйлеуін жазып, алынған деректерді өңдеп, болашақ зерттеулерге негіз болатын ғылыми қор қалыптастыруда.Осындай корпустардың көмегімен ғалымдар балалардың тілді әртүрлі даму кезеңдерінде қалай меңгеретінін зерттей алады. Ағылшын, француз, орыс және испан тілдері үшін мұндай ғылыми ресурстар әлдеқашан жасалған және олар зерттеулерде кеңінен қолданылады. Ал қазақ тілі үшін осындай ұлттық корпустың құрылуы әлемдік лингвистика үшін үлкен ғылыми маңызға ие болар еді. Бүгінде балалардың түркі тілдерін меңгеруі туралы ғылыми деректер әлі де шектеулі. Сондықтан қазақ тілінің балалар сөйлеу корпусын қалыптастыру осы бағыттағы зерттеулерге тың серпін беріп, жаңа ғылыми мүмкіндіктерге жол ашар еді.